Атырауда халық тұтынатын пластик тауарлар түрін кеңейту талқыланды

Бүгін Атырауда «ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясы» Акционерлік қоғамының бастамасымен тұңғыш отандық QazPolymers-2022 форумы өтті.

Басқосуға ғылым және даму институттары мен саладағы бизнес қауымдастық өкілдері, құрылыс материалдары мен пластикалық құбыр өндірушілер, сондай-ақ мұнай өңдеу және мұнай химиясы саласындағы отандық және шетелдік компаниялардың өкілдері қатысты. Олар алдымен Қазақстан экономикасындағы тұңғыш газ-химия кешені – полипропилен өндіретін «KPI» зауытын аралап, кәсіпорынның жұмысымен танысты.

«KPI» зауытының өнімін алғаш боп тұтынушылардың бірі Андрей Ким өз компаниясын 2021 жылы ашқан. Зауыт ашылғанға дейін шикізатты Ресейден тасымалдап келген кәсіпкер енді қажетті өнімді алыстан тасымайды. Бұл өңір экономикасының дамуына оң әсер етіп қана қоймай, шығатын шығын көлемін де азайтқан.

Андрей Ким, "Ультрастаб-Қазақстан" ЖШС және "РГК-Каспий" ЖШС коммерциялық директоры:

- Бұған дейін көп шығынданатынбыз. Логистика мәселесі де қолбайлау болып келді. «KPI» зауыты ашылғанда біз алғаш болып өнімін сатып алдық. Қазір күрмеулі мәселелер өз шешімін тапты. Бұл өңірдің дамуына зор үлес қосады деп есептеймін. 

Форумға өңір басшысы, «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ Басқарма төрағасы қатысты. Мағзұм Мырзағалиев жоғары технологиялық өнімдер жасау мүмкіндігін ұтымды пайдалану керегін атап өтті. 

Мағзұм Мырзағалиев, "Қазмұнайгаз" ҰК" АҚ Басқарма төрағасы:

- Біздің мақсатымыз біздің елімізде жаңа жұмыс орындарын құру. Яғни шағын және орта бизнеске бүкіл жағдайын жасау. Сол үшін бүгін біз осы өзіміз өндіруші ретінде, сонымен қатар Қазақстанның бүкіл өңірінде пластик бұйымдарымен жұмыс істейтін кәсіпорындардың мамандарымен басшыларын шақырдық. Қазір қазақстан 30 мың тонна тұтынамыз деп айтып жатырмыз ғой. Бұл әрине өте аз мөлшер. Осыны арттыру үшін жиналып отырмыз.

Жиында отандық өнімді пайдалана отырып, халық тұтынатын тауарлар түрін кеңейту жөніндегі бизнес жобаларды көбейту мәселесі талқыланды. Сондай-ақ күн тәртібінде шағын және орта бизнесті дамыту тетіктері де қаралды. 

Асланбек Шығыр, Амантай Мәтенов