Алматы облысында құс етін өндіретін зауыт іске қосылды

Алматы облысында құс етін өндіретін ірі зауыт іске қосылды.

Жаңа зауыттан шығатын өнімнің көп бөлігі экспортталады. Жобаның жалпы құны - 98 млрд теңгеге жуық. Осы сома үш кезеңмен игеріледі. Кәсіпорын алғашқы 115 мың жұмыртқаны қабылдап, жұмысты бастап кетті. 

Құс фабрикасы 540 гектар жерді алып жатыр. Мұнда  жем зауыты, 24 құс үйі, инкубатор, тазарту қондырғылары, құс сою және шұжық цехы салынған. Балапандарды бордақылау алаңдары да дайын тұр. 

Александр Гарбер, "Прима Құс" ЖШС акционері:

- Kazakh Export және RBK банктің қолдауының арқасында жоба жоспардан кешікпей жүзеге асты. Бірлескен жұмыстың нәтижесінде құны 33,5 млрд теңге болатын құс кешенінің алғашқы кезеңі салынып, пайдалануға берілді. Екінші кезеңге келер жылдың ақпан айында кірісеміз.

Инкубатор ғимаратына қажетті жабдықтар Нидерландыдан әкелінген екен. 20 млн дана жұмыртқадан балапан шығаруға қауқарлы. Жоспар жүзеге асса тауық еті мен жартылай дайын өнімдерді шетелге шығару жоспарланып отыр.  

Тимур Қуаныш, "KAZAKH EXPORT экспорттық сақтандыру компаниясы" АҚ Бас менеджері:

- Kazakh Export-тың "Қарыздарды сақтандыру" құралы бойынша қолдау көрсету сомасы 27,1 млрд теңге болды.  Құс етінің өнімдері, жартылай дайын өнімдер, қосалқы өнімдерді Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Моңғолия, Қытайға экспорттау жоспарлануда.

Мамандар бұл жоба Ұйғыр ауданына жаңа серпін береді деген үмітте. Зауыт құстың жеміне қажетті бидай мен жүгеріні жергілікті шаруалардан сатып алмақ. Қазірдің өзінде зауытта 400 жұмыс орны құрылды. Олардың басым бөлігі жақын ауылдардың тұрғындары. Қазір жұмыртқаның алғашқы партиясы жаңа технологиямен жабдықталған инкубаторға кіргізілді.  Келер жылдың қаңтарында балапан шығарып, өсіріп, бір айдан кейін алғашқы өнімді сату жоспарда бар.

Жандос Айтбайұлы, Эдуард Кон