Инфляция – бұл ұлттық қауіпсіздік мәселесі

Әлеумет тұтынатын негізгі азық-түлік биылдыққа 22,3 процентке қымбаттады.

Осы аптаның өзінде 0,2 процентке өскен. Пияз 1,7; қырыққабат – 0,9; күріш – 0,8; сүзбе – 0,7; жұмыртқа мен сүт – 0,5 пайызға көтерілген. Қымбатшылық әсіресе Ұлытау облысында. Мұнда 31,4 пайыз. Одан кейін 25 пайызбен Астана тұр. Бұл жөнінде инфляцияны төмендету және азаматтарды қолжетімді бағада азық-түлікпен қамтуға арналған Үкімет жиынында айтылды. Осы орайда Сауда және интеграция, Ауыл шаруашылығы министрліктері мен Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі өз тараптарынан жасалып жатқан амалдар мен атқарылып жатқан істерді баяндады. Осы бағаның қымбататауы себепті құс фабрикаларына қатысты бес бірдей тергеу ісі ашылған. Қант, тауық еті мен сүт өнімдерін көптеп таратушыларға бірқатар есерту жасалып, Жұмыртқа, қант, сүт өнімдерін өндірушілерге және сауда орындарына қатысты 19 тергеу жүргізілген. Жиында Премьер-Министр бағаны ұстап тұру үшін жаңаша әрекет басталғанын айтты. Енді қаржы сауда желілеріне емес, өндірушілерге беріледі. Делдалдарды тергеу жөніндегі өңірлік комиссиялардың жұмысы қайта құрылып, күшейтілген. Әлихан Смайылов көкөніс бойынша жедел түрде келісім-шарттар, сондай-ақ қалған өңірлерге қант зауыттарымен шарттар жасасуды тапсырды.

Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-министрі:

- Келер жылы инфляцияны екі есе төмендету керек. Ол 9,5 процентен аспауы тиіс.  Бұл ұлттық қауіпсіздік мәселесі. Сондықтан, бұл жұмысты жай ғана есеп үшін жүргізуге болмайды. Дегенмен, кей өңірлерде инфляцияны төмендетуге арналған жоспарлы шаралардың орындалмағанын көріп отырмыз. Сәйкесінше баға шарықтап барады. Осы орайда ішкі нарықты отандық азық-түлік өнімдерімен қамтуды жүйелі жүргізу керек. Ал маусымаралық кезеңде өз өнімдерімізді сақтауға жағдай жасалуға тиіс. Сонымен қатар өңірлік комиссиялар делдалдарды анықтауда уақытылы шара қабылдау керек. Әзірге тек Астана, Шымкент қалалары мен Ақтөбе облысында ғана осындай жұмыс жүргізілгені байқалады. Қалған өңірдің комиссиялары тек бос есеп-қисап жасап жүр.