Қостанай облысының оңтүстік аудандарын әлеуметтік-экономикалық дамыту жоспарланды

Қостанай облысының оңтүстік аудандарын әлеуметтік-экономикалық дамытудың кешенді жоспары дайындалды.

Бұл жоба бес жылға есептелген. Оны жүзеге асыруға келер жылы   бюджеттен 11 миллиард тенге бөлу көзделіп отыр. Өңір басшысы Құмар Ақсақалов жұмыс сапары барысында Жанкелдин, Аманкелді аудандары мен Арқалық қаласының жағдайымен танысып, алдағы міндеттерді анықтады.

Әкім алдымен Арқалық қаласының жылу орталығына ат басын тіреді. Оның өзіндік себебі бар. Биыл ғана іске қосылған көмірмен жағылатын жаңа қазандықтан ақау шықты. Құмар Ақсақалов оның себебін анықтауды құқық қорғау органдарына тапсырды. Арқалықтың жылу құбырларының да әбден тозығы жеткен. 

Құмар Ақсақалов, Қостанай облысының әкімі:

- Тек жылу емес, электр желісі де ескірген. Бұл Арқалыққа қана емес, Аманкелді, Жанкелдин аударына да тән  Сондықтан оның бәрін қалыпқа келтіру үшін тезірек техникалық аудит жүргізіп, жобалық сметалық құжаттарды дайындау қажет.

Келесі мәселе оңтүстік аудандарды сапалы интернетпен қамту. Қазіргі кезде 70 елді мекеннің 63-де ұялы байланыс бар. Алайда әлі күнге ғаламтор игілігін көре алмай отырған ауылдар аз емес. Бұл мәселені кезеңімен шешу көзделіп отыр. Ол үшін арнайы жоба да жасалған.  

Азамат Кашиев, облыстық ақпараттандыру басқармасының басшысы:

- Үш базалық станция салуды ұсынамыз. Онымен біз Арқалық өңіріндегі 7 ауылды қамтимыз. Жоба 2024 жылға жоспарланған. Егер қолдау білдірсеңіз келер жылы аяқтауға болады.

Жанкелдин ауданында өңір басшысы бірнеше мәдени нысандарда болып, жұртшылықпен жүздесті. Алдағы жылы екі ауылға сапалы ауызсу жеткізіледі. Сондай-ақ жергілікті жолдарды жөндеу мақсаты тұр.  

Құмар Ақсақалов, Қостанай облысының әкімі:

- Аудан орталығындағы және ауылдағы жолға біраз қаражат бөлінетін болды. Келесі жылы тезірек бүкіл құжаттамаларды дайындап, тапсырыңдар бюджеттік комиссияға. Мен оған тиісті тапсырма беретін боламын.

Өңірдегі қымбат жобалардың шығынын қысқарту есебінен, келер жылы   Қостанай облысының оңтүстік аудандарының бюджетін 11 миллиард тенгеге жеткізу көзделіп отыр.

Мағауия Қалиев, Сергей Трахтенберг