Ақмола облысының тұрғыны қолөнерді кәсіп көзіне айналдырған
Ақмола облысынның тұрғыны ұлттық көлөнерді жаңғыртып ғана қоймай, кәсіп көзіне айналдырған.
Яғни ауылда шағын тігін цехын ашып, табыс тауып отыр. Қажетті барлық қондырғыны мемлекеттік грант есебінен алған. Жалпы жыл сайын облыс бойынша, жүздеген адам қайтарымсыз несие алып, бүгінде кәсібін дөңгелетіп отыр.
Тілектес Тұрлыбекова отыз жылға жуық оқушыларды еңбекке баулыған білікті педагог. Ал осы жылдан бастап ол мектептегі жұмысын жеке кәсібіне алмастырған. Мемлекеттік грантқа ие болып, Жаңа Қима ауылында тігін цехын ашады. Бүгінде шебер матадан түрлі бұйымдар дайындайды. Ал алдағы уақытта өз кәсібін одан әрі жандандыруды көздейді.
Тілектес Тұрлыбекова, жеке кәсіпкер:
- Әрі қарай біз кеңейтеміз. Басқа да ауылдарға шағып, тапсырыстар аламыз. Сатылымға бұйымдар дайындаймыз. Осылайша кеңейе түсеміз деп ойлаймын. Жоспар да бар. Сұраныс бар. Біз қазір перделер, төсек-орын жабдықтары мен құрақ көрпелер тігіп жатырмыз. Сондай-ақ ауыл тұрғындарынан қысқартуға, тігуге киімдер де аламыз. Сұраныс жоғары.
Қолөнер шебері ауылдағы ынталы жастарды ата кәсіпке баулып жүр. Он саусағынан өнер тамғандары болса, жұмысқа алатынын да айтады. Бір айдың ішінде бірнеше адамды қызметке қабылдаған. Жас шеберлерде өз нәпақасын адалынан табуға ниетті.
Айнұр Суменова, Жаңақима ауылының тұрғыны:
- Адал еңбек деген таза нан деп білем. Оның несібесі көп болады деп ойлаймын. Адал еңбек деген өте маңызды.
Жалпы бөлінетін гранттың отыз пайызы мүмкіндігі шектеулі жандардың үлесінде. Облыс бойынша жыл сайын осы санаттағы 10-ға жуық адам өз кәсібін ашатын көрінеді. Мәселен, Айжан Мусина осы мүмкіндікті мүлт жібермеген жанның бірі. Бүгінде ол аудан орталығында өзінің сән салонын ашып, қыз-келіншектерге қызмет көрсетеді.
Айжан Мусина, жеке кәсіпкер:
- Бұл мемлекет тарапынан көрсетілген үлкен көмек. Әсіресе кәсібін енді бастаған жас кәсіпкерлерге үлкен қолдау. Бұл менің бала күнгі арманым еді. Мен осыған дейін үйде қызмет көрсеткен болатынмын. Енді міне бағдарлама аясында арнайы курстан өттім. Қажетті қондырғылар алып, шағын салонымды аштым.
Биыл облыс бойынша қайтарымсыз несиеге 189 миллион теңге бөлінді. Енді кезекте бизнес жобалар іріктелмек. Бұл ретте аймақтағы кәсіпкерлердің қызығушылығы зор. Сол себепті сала мамандары жыл санап грант санын арттыруды көздеп отыр.
Ербол Оспанов, облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасының басшысы:
- Осы жылы грант санын көбейтуді жоспарлап отырмыз. Шамамен 30-ға жуық жобаны қолдаймыз деген ойдамын. Бұдан бөлек әр аудан тарапынан өз ісін бастаймын деген кәсіпкерлерге жеңілдетілген несие де қарастырылған. Жыл санап жақсы жобалар түсіп жатыр. Әсіресе жас кәсіпкерлердің қызығушылығын ерекше атап өтер едім.
Мемлекеттік бағдарлама тек кәсіп ашуға ғана емес, жаңа жұмыс орындарын құруға да ықпал етіп отыр. Тек өткен жылдың өзінде өңірде 32 мың жаңа жұмыс орыны ашылған. Игілікті іс осы жылы да жалғасын таба бермек.
Абзал Азаматұлы, Евгений Шинкаренко