Ақтөбе облысының халқы жергілікті азық-түлік өнімімен қамтамасыз етіліп отыр
«Ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеуге қажетті қаражатты «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында рәсімдеу тиімді».
Ақтөбе облысы Алға ауданының кәсіпкерлері осындай пікірде. Себебі жеңілдетілген несие мен мемлекеттік субсидия өндіріс көлемін арттыруға мүмкіндік берген. Осылайша жергілікті тұрғындар өз кәсіптерін дөңгелетіп отыр.
Алға қаласымен қатар облыс орталығына тауық жұмыртқасын сатып отырған Евгения Макаревич құстың санын көбейтуді бірнеше жылдан бері жоспарлап келеді. Үйрек пен қаз, күркетауық бағуды да көздейді. Алайда ол үшін ауыл сыртына ферма салу қажет. Мұны өңірде қолға алынған мемлекеттік бағдарлама аясында жүзеге асыруды ойлап отыр.
Евгения Макаревич, кәсіпкер:
- Біз қазір өндіріске қажетті жер телімін рәсімдедік. 2 ғимарат салып 6 мыңға жуық бройлер тауығы мен мың қаз ұстайтын боламыз. Болашақта үйрек пен қаздың, тауықтың аналығын бағып, инкубатор жұмыртқасын алуды да жоспарлап отырмыз. Балапан өсіріп, тиісті вакцина егіп, тұрғындарға сатуды ойлап жүрміз.
Кәсіпкер ет өңдеуге қажетті құрал-жабдықты да мемлекеттік грант есебіне сатып алған. Сондықтан жергілікті сауда сөрелерін бұқтырылған және ыста піскен құс етімен қамтамассыз ете алады. Өңірдің импортқа тәуелділігін жоюға құзырлы органдардың қолдауы айтарлықтай көмек дейді. Бұл орайда Алға тұрғындарын жергілікті көкөніспен қамту да өзекті мәселенің бірі. Әсіресе қыс мезгілі сырттан келетін қияр мен қызанақтың құны шарықтап кетеді. Мұны ескерген Тұрлан Тайбөкенов аудан орталығы іргесіне жылыжай салып, алғашқы өнімін де алып отыр. Болашақта «Ауыл аманаты» жобасына қатысып, өндіріс көлемін ұлғайтуды көздейді.
Тұрлан Тайбөкенов, кәсіпкер:
- Жаңа бағдарлама аясында субсидия алсақ міндетті түрде қосымша жылыжай саламыз. Несиенің үстеме ақысы да төмен. Біз сияқты кәсіпкерлерге 8-9 млн теңге алуға болады. Бұл қаражатқа гүл өсіруді ойлап отырмын. Алға қаласын жасыл-желекпен безендірсем бе деймін. Үлкен қалалармен қатар шағын елді-мекендердің де дамығаны дұрыс деп ойлаймын.
Алға ауданында 3 мыңнан астам кәсіпкерлік нысан тіркелген. Дені сауда-саттық пен қызмет көрсету саласын қамтып отыр. Жергілікті атқарушы билік өкілдерінің пайымынша «Ауыл аманаты» бағдарламасы өңір бизнесін түрлендіруі тиіс. Себебі жоба шикізат өндеу мен дайын тауар өндіруге басымдық береді. Санаулы жыл ішінде бұл бағыттың тұрақты түрде дамуы заңды құбылыс болмақ. Себебі кәсібін ашуды көздеген тұрғындар қарасы көп.
Алмагүл Қойлыбаева, ауыл шаруашылығы, жер қатынастары және кәсіпкерлік бөлімінің сектор меңгерушісі:
- Екі пилоттық ауыл бойынша, Үшқұдық және Бесқоспа ауылдық округтері жалпы 47 жоба 208 млн теңгеге жобалар ұсынылып отыр. Бүгінгі таңда сол барлық жобалар бойынша өтінім берілді. Үш жоба мақұлданып, 13,6 млн теңгеге несие берілді.
Жалпы Алға ауданы бойынша құзырлы органдарға құны 1 млрд 800 млн теңге болатын 360 жобаны жолдау көзделіп отыр. Бұл сапалы өніммен қамтамассыз етумен қатар жұмыссыздарға тұрақты табыс көзі болмақ.
Мансұр Есқожин, Айнадин Молдабеков