Елімізде көлік салығының қарызы 14 млрд теңгеге жеткен

Жүргізушілердің темір тұлпар үшін төлеуі тиіс салық қарызы 14 млрд теңгеге жуықтаған.

Әсіресе алматылықтар мен астаналықтардың салық қарызы көп. Алматы қаласының көлік жүргізушілерінің мемлекет алдындағы берешегі 3,5 млрд.теңге. Ал астаналықтардың борышы 1,5 млрд.теңгеден асып жығылған. Бүгінгі күні елде 4 млн жуық көлік ресми тіркелген. Олардың барлығын қоса есептегенде биыл ел қазынасына көлік салығынан 85 млрд.теңге түсуі тиіс. Еске салсақ өткен жылғы көлік салығын төлеу мерзімі 1-ші сәуірде аяқталады. Ал салықты төлемегендердің ізіне сот орындаушылары түседі.

Айнұр Сартаева, ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитетінің ресми өкілі:

- 4 сәуірден бастап азаматтарға өсімпұлдар мен пения есептеле бастайды. Қарыздары 1 АЕК асатын азаматтар бойынша онда матреиалдары сот орындаушыларға беріледі. Ал сот орындаушылары өз кезегінде мәжбүрлеп өндіреді.  Онда банктік есеп-шоттарды бұғаттау сынды шаралар бар. Бұдан бөлек сот орындаушылар өз ақысы ретінде 25 пайыз мөлшерінде қосымша ақы алатыны бар.