Ақтөбеде азық-түлік бағасы бақылауға алынды
Ақтөбеде әлеуметтік маңызы бар кейбір азық-түлік тауарлары мемлекет белгілеген межеден қымбат сатылған.
Енді бағаны негізсіз көтергендерге қатысты шара қолдану мәселесі қаралып жатыр. Қазір тауарлар құны қайта қалпына келтірілді. Тіпті талдау кезінде өңірдегі азық-түлік бағасының тұрақты және республика деңгейімен салыстырғанда төмен екені анықталды.
Әлеуметтік маңызға ие бірнеше тауар бағасының көтерілгені экономикалық тергеу департаменті мен облыстың кәсіпкерлік басқармасы қызметкерлерінің бірлесе жүргізген жұмысы нәтижесінде анықталды. Мәселен, күнбағыс майы бөлшек сауда желілерінде рұқсат етілген 15 пайыздық үстімеден әлдеқайда жоғары сатылған. Атап айтқанда, 28 процентке дейін өскен көрінеді. Қазір мұндай олқылыққа жол бергендерге шара қолдану мәселесі қолға алынған. Тиісті құжаттар әкімшілік жауапкершілікке тарту мәселесін қарау үшін уәкілетті органға жолданды.
Жадан Бисенбин, облыстық экономикалық тергеу департаменті басқармасының басшысы:
- Қазіргі жүргізілген жұмыстар нәтижесінде Ақтөбе қаласының ірі сауда желілерінде аталған тауардың құны 5 пайыздан 9 пайызға дейін төмендетілді. Қазіргі уақытта рұқсат етілген сауда үстемесін асырудың және аса артық делдалдылықты анықтау мониторингі бағытында жұмыстарымыз жалғасуда.
Жалпылай алғанда, облыста әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасы тұрақты. Әрі республикалық деңгеймен салыстырғанда төмен екені анықталған. Ал, ондай заттардың құрамына Үкімет бекіткен тізім бойынша 19 тауар түрі кіреді. Құнын бақылау үнемі жүргізіліп отыр.
Думан Дәулетияров, облыстық кәсіпкерлік басқармасының бөлім басшысы:
- Бүгінгі таңда бағаны тұрақтандыру мақсатында біз барлық сауда желілері бойынша интервенция жүргізу бойынша күшейтілген жұмыс жүргізіп жатырмыз. Сонымен бірге ҚР сауда және интеграция министрлігінің тапсырмасына сәйкес, маусымаралық кезеңде көкөніс өнімдерін қолайлы бағамен жеткізу мәселесі пысықталуда.
Көкөніс өнімдерін өзге, бүгінде тауық жұмыртқасы, күнбағыс майы, сиыр еті, қант және бірінші сұрыпты ұнды жеткізу бойынша ірі сауда орындарымен келісімге қол қойылған.
Әнуарбек Мырзатайұлы, Болатбек Молдағалиев