Шымкентте өңіраралық инвестициялық форум өтті
Шымкент қаласында алдағы 5 жылда құны 6 трлн теңге болатын инвестициялық жобалар жүзеге асады. Бұл жайында шаһарда өткен өңіраралық инвестициялық форумда белгілі болды.
Инвестициялық форумға еліміз бен шетелден 500 кәсіпкер жиылды. Оның 70-і – Түркия, Үндістан, Қытай, Ресей мен Өзбекстан сынды елдердің ірі компаниялары. Басқосуда Шымкент пен көрші 3 облыстың инвестициялық мүмкіндіктері таныстырылды. Сонымен қатар жерді тегін немесе грант есебінен беру сынды кәсіпкерлерді қолдау шаралары жіті түсіндірілді.
Мұрат Әйтенов, Шымкент қаласының әкімі:
- Қаламызда 5 үлкен индустриялық аймағымыз бар. Ол индустриялық аймағымызда 90% бүгінгі күнде 850 га толықтырылған. Енді біз қосымша қаламызда тағы 5 үлкен 867 гектарға индустриялық аймақ ашып отырмыз. Ол жерге бүгінгі күні инженерлік инфрақұрылымдары тартылып жатыр. 100% аяқтаймыз. Кәсіпкерлердің барлығын индустриялық аймаққа шақырамыз.
Шымкент қаласы бүгінде 40-қа жуық елдің инвесторларымен жұмыс әріптестік орнатқан. Бүгінгі шарадан соң саны тағы арқалы тұр. Мәселен Мәскеулік кәсіпкер Алексей Бунин жеңіл өнеркәсіп саласында зауыт салуға келіскен. Құны 6 млн доллар болатын зауыт айына 500 тонна өнім шығармақ.
Алексей Бунин, инвестор:
- Біз Қазақстан нарығын жақсы білеміз. Зерттедік, зерделедік. Біздің тауарға сұраныс бар екенін біліп отырмыз. Сондықтан зауытты 2024 жылдың соңына дейін қосамыз деген жоспарымыз бар. Ол жерде 120-дан аса жергілікті тұрғын жұмыс істейтін болады.
Форум жұмысы нәтижелі болды деуге негіз бар. Үндістандық компания 500 орынға арналған заманауи клиника салуға дайын. Ал Ресейлік инвесторлар көпқабатты үй салып қана қоймай, құрылыс материалдарын шығаруды жоспарлап отыр. Жалпы кездесуде құны 360 млрд теңге болатын 20-ға жуық келісімшартқа қол қойылды.
Авторлары: Мерей Бает, Бақытжан Бапаев, Руслан Ахатіллә.