Жетісу облысында қосалқы шаруашылық ашқандарға несие береді
Жетісу облысы мамыр айынан бастап қосалқы шаруашылық ашқан ауыл тұрғындарына жеңілдетілген несие бермек.
Өңірде алғаш жүзеге асып отырған жобаға 1 жарым млрд теңге бөлінді. Қазір ауыл шаруашылығы басқармасы бұл жобаны үйлестіретін қаржы ұйымын анықтап жатыр. Жоспар бойынша әрбір адамға 2 жарым пайыздық үстемемен 8 млн теңге беріледі. Қаражат мал шаруашылығы үшін жеті жылға, ал өсімдік өсіретіндерге бес жыл мерзімге есептелген. Тек оны алу үшін кепілдікке қоятын дүние мүлік болуы керек. Бұл бастама мал басын көбейтіп, бағбандардың қолын ұзартуды көздейді.
Нұрдәулет Кененбаев, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы:
- Қосымша қаражат сұралды. Ол бойынша 1 млрд 600 млн тағы да қаражат қарастырылды. Бұл бағдарлама бір жылмен тоқтап қалмайды. Президентіміз айтқандай ары қарай жалғасын табады.