Қазталов ауданында еңбекқор ақ кірсабын өндіріп отыр
Батыс Қазақстан облысында ауыл тұрғыны ақ кірсабын өндіріп отыр.
Тауарын сол елді мекендегі дүкендердің сөресіне қоя бастаған. Енді мемлекет тарапынан қолдау болса, кәсібін кеңейткісі келеді. Қазталов ауданында осындай 200-ге жуық еңбекқор жас «Ауыл аманаты» бағдарламасына өтініш берген екен.
Қуаныш мына шағын шаруашылық нысанын жақында кірсабын цехына айналдырып үлгерді. Жартылай автоматтандырылған құрылғы сағатына 200 түйірге жуық өнім шығаруға қауқарлы. Іскер жан шикізатты шетелден тапсырыспен алдыртады екен.
Қуаныш Гаднан, кәсіпкер:
- Шикізатты мен, мысалы, алдыңғы бірінші партияда жарты тоннаны 2-2,5 күнде уже шығарып, бітіріп тастадым. Одан 2200 штук шамасында шықты. Ода бірақ 200 грамдық, 250 грамдық екі түрлі размерде шығардым. Екінші партия міне кеше келіп жатыр. Жұмысқа алдағы уақытта адамдар алатын боламын. Қазір өзім істеп жатырмын жалғыз.
Аудандағы бәсекесіз бизнес көзін тапқан тұрғын енді дамылсыз еңбек етуде. Өнімдерін әзірге аудан орталығындағы дүкендерге ғана көтерме саудамен сатып жатыр.
Талғат Байдулин, Қазталов ауылының тұрғыны:
- Бастамада алдым. Қазір сапасы жақсы. Былай ол інішекті танимын. Жұмысы жағынан жақсы істейді екен негізі, сапалы. Өз ісіне мұқият.
Іскер жан енді мемлекеттік бағдарлама шеңберінде кәсібін одан әрі дамытуды көздеп отыр. Осы мақсатта жеңілдетілген несиеге иек артып көрмек. Қазір ол «Ауыл аманаты» жобасының тетіктерімен танысып жатыр. Ауданда 184 кәсіпкер дәл осы бағдарламаға қатысуға өтініш берген екен.
Ғаділбек Әлібеков, Қазталов ауданы әкімінің орынбасары:
- Кепілге қойылған мүліктің тек 70 пайызына ғана кредит беріледі. Мысалы, айтайық, 10 млн теңгеге қойылса, 7 млн несие алуға болады. Қазіргі күнге бізде уже 35 құжат толық оценкадан өтіп келіп отыр. Егер басқа біреудің атында болатын болса, өтініш беруші нотариалдық келісіммен мүлікті кепілге қоюға болады.
Ауданда 1600-ден астам шағын және орта бизнес субъектісі бар. «Ауыл аманаты» жобасы негізінде олардың қатарын 18%-ке арттыру көзделген.
Еркебұлан Смадияров, Болат Жарылғасов