Премьер-министр өнеркәсіпті өркендетудің жолдарына тоқталды

Өңдеуші өнеркәсіптегі инвестициялық жобаларды жеңілдікпен қаржыландыру екі есе ұлғаяды.

Бұл туралы Премьер-Министр Қазақстан машина жасаушыларының XI форумында айтты. Әлихан Смайыловтың айтуынша, Үкімет өңдеуші өнеркәсіп, оның ішінде өндірісті жаңғыртуға Қазақстан Даму банкі мен Өнеркәсіпті дамыту қорынан 500 млрд теңге қарастырған. Бүгінде 200 млрд теңгеден астам сомаға жобалар мақұлданған. Биыл тартылатын қаржыны 1 трлн теңгеге дейін ұлғайту жоспарда бар.

Бұдан бөлек, ауыл шаруашылығы техникасы мен автокөлік өндірушілері кедендік баж және қосымша құн салығынан босатылады. Мұндай жеңілдік тұрмыстық техника өндірушілеріне 5 жылға дейін жасалуы мүмкін. Қазір Үкімет қолдаудың осындай тетігін пысықтап жатыр.

 

Kazakhstan Machinery Fair 2023 көрмесі

Үкімет басшысы машина жасау және металл өңдеу көрмесін аралады. Үшінші халықаралық мамандандырылған көрмеде отандық машина жасау саласының жаңа өнімдерін көрді. Мұнда ауыл шаруашылығына арналған техника, металл өңдеуге арналған қондырғылар, оптикалық аспаптардың соңғы үлгілері, сондай-ақ өндірісті автоматтандырудың заманауи шешімдері көрініс тапқан. Биылғы көрмеге 200-ге жуық отандық және шетелдік компания қатысып жатыр.