Павлодарда мыңнан астам бизнес-жоба мемлекеттен қолдау тапты

Ертіс өңірінде бір жылда мыңнан астам бизнес жоба мемлекеттік қолдауға ие болды.

Бұл аймақ үшін рекордтық көрсеткіш. Жеке ісін ашып, дамытқысы келген кәсіпкерлерге берілген несие көлемі 84 млрд теңгеден асқан. Қолдау шаралары қайта өңдеу, сауда-саттық, қызмет көрсету салаларын дамытуға мүмкіндік береді.  Қазірдің өзінде аймақта ветеринарлық клиникалар, тұрмысқа қажет заттарды шығару цехтары, тіпті шығармашылық студиялар ашыла бастады. Жалпы аймақта 60 мыңнан астам шағын және орта бизнес субъектісі тіркелген. Онда 136 мыңнан астам адам жұмыс істейді.

Дмитрий Барбашов, технолог:

– Матрац өндірісіне қажет шикізат – пенополиуретан шығарамыз. Қолдаудың арқасында нарыққа дайын өнім ұсынамыз. Қазіргі уақытта 50-ден астам жұмыс орыны ашылды. Бүгінде айына паралонның 150 тоннасын шығарамыз. Мақсатымыз Қазақстанды сапалы өніммен қамту.

Анна Бахарева, ветеринарлық клиниканың директоры:

- Үй жануарларын емдейміз, тексереміз, екпе саламыз. Клиникамыз барлық құралдармен қамтылған. Мемлекеттік қолдаудың көмегімен жеке ғимарат сатып алдық. Енді жалға алмаймыз. Осылайша, медициналық қызметтерді толық ұсынамыз. Қазіргі уақытта мал дәрігерлерінің қызметі жоғары сұранысқа ие.