Әлемдік брендтердің көшірмелері сөрелерде самсап тұр
Әлемге танымал тауарлардың көшірмесі сауда орталықтарында самсап тұр.
Оларды түпнұсқадан ажырату қиын. Жасанды фирмалық заттарды емін-еркін сатуға болмайды. Сатқан жағдайда саудагер айыппұл арқалайды. Тіпті бас бостандығынан да айырылуы мүмкін.
Қазір әлеуметтік желіден көптеген адамның брендті дүниелерге әуестігін байқауға болады. Олар үшін әр зат бағасының қымбаттығы маңызды. Бірақ жастардың басым бөлігі онсыз да, талғаммен киініп сәнді көрінуге болатынын айтады. Көшірме алғанша, «ноунэйм», яғни бренді жоқ заттар алғанды құп көреді екен.
БЛИЦ
- Мысалы, оригиналды заттар қымбат болады. Оған көптеген халықтың қолы жетпейді. Сондықтан, оның көшірмесін алады. Басқа адамдардан қалмау үшін.
- Ол менің ойымша, дұрыс емес және де менің қоршаған ортамда адамдар өте көп, солай киінеді, подделкаларды өте көп киеді. Мен оған қарсымын.
- Ең қымбат алған киімім, ол аяқ киім кіреді оған. Аяқ киім кірсе ол екі жүз доллар, ол Астанада емес, Қазақстанда емес алған киімім, Дубайда алғанмын, екі жүз доллар ма сондай болған.
- Ол все равно оригинал мен ксерокс екені көрініп тұрады. Егер де базардан алатын болса, ол брендті алып керек жоқ деп ойлаймын. Ол онда брендсіз, әдемі киімдер болады ғой, сондай киім алған дұрыс деп ойлаймын.
Базар мен көптеген сауда орындарында Луи Виттон, Шанель, Гуччи, Прада секілді әлемге танымал брендті киім-кишек пен сөмкелерді байқауға болады. Алайда мұндағы тауарлар, түпнұсқасы емес, көшіремесі. Әйтпесе миллиондаған доллар тұратын тауардың мұндағы арзан бағасы күдік ұялатады. Брендтің маркасымен таңбаланған заттарды, саудагерлер көрші елдерден тасымалдайды екен. Кейін қолжетімді бағаға сатады.
Қарлығаш Жапарова, сатушы:
- Көп болды негізі базарда жұмыс істегенімізге где-то 5-10 жылдай. Сол мужской киімдерді әкеліп сатамыз. Иә, біз осы товарларды негізі көптеген елдерден әкеліп сатамыз. Көбінесе Қытайдан келеді. Бірақ біз Қырғызстаннан әкеліп сатамыз. Сондай-ақ Алматыдан. Вот, сол жақтан оптом арзанырақ алып, осы жерге келіп сатамыз. Например, футболкалар Адидас, Найктарды алсақ мың теңгеге әкеліп, бұл жерде 2-3 мыңға сатамыз.
Әділет министрлігі тұрғындардың арыз-шағымын қарастырып, бұл бағыттағы рейдтік шараларды қолға алған. Жыл басынан бері 38 тексеру жұмысын жүргізіпті. Нәтижесінде республика бойынша 11 мыңнан астам контрафактты өнім заңсыз айналымнан алынып тасталды. Оның жалпы сомасы 17 миллион теңгені құраған.
Әділ Исмағұлов, Зияткерлік меншік құқығы департаменті өнеркәсіптік меншік басқармасының басшысы:
- Контрафактты тауарлардың арасында, көбінесе көліктің бөлшектері, алкогольді сусындар мен киім-кешек кездесіп жатады. Өткен жылы 18 мыңнан астам қосалқы көлік бөлшектерін, 2 мыңға жуық жалған брендті киім және мыңнан астам алкогольді сусындар заңсыз айналымнан алынып тасталды. Бұл тауарлар әдетте Қытай, Ресей және Еуропа елдерінен тасымалданады.
Ішкі Істер министрлігінің мәліметінше, қазақстандықтардың тарапынан жалған брендті тауарлар бойынша арыз-шағымдар жиі түседі. Мәселен өткен жылы 8 қылмыстық іс тіркелген. Алайда оның тек екеуі ғана соттың қарауына жіберіліпті. Ал қалған 6 іс қаралмаған. Себебі кінә дәлелденгенімен автордың өзінің «тауар иесі» ретінде мәлімдемесі мен шағымы қажет.
Қаныш Асжанов, ҚР ІІМ Криминалды полиция департаментінің жедел уәкілі:
- Нақты, бұл қылмыстық іс, нақты біреудің арызымен бізде іс қозғалады, бірақ жедел іс-шаралар өткізген кезде анықталса да, иелері болмағандықтан, істер қысқартылады. Егер нақты иесі болып, келіп, шағымданса, иә, іс сотқа дейін жетеді, бірақ егерде сіз мынау мынандай брендтің киімі екен деп сіз арыз жазып кетсеңіз, бірақ сіз иесі емессіз, ол иесі табылмаса ол брендтің, ол іс қысқартылады.
Контрафактті тауардың сауда-саттығымен айналысқан азаматқа 80 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл қарастырылған. Немесе «еңбекке мәжбүрлеу» шарасы қолданылады. Егер жалған фирмалы тауардың көлемі көп болса, онда азаматтың 5 жылға дейн бас бостандығынан да айырылуы мүмкін.
Альмира Оразбай, Ербол Дайыров