Visa компаниясы қазақстандық кәсіпкерлердің жұмысын жеңілдетті

Visa компаниясы шетелмен алыс-берісі бар қазақстандық кәсіпкерлердің жұмысын жеңілдетті.

Олар өзге мемлекетке бар-жоғы 2-3 сағатта қаржы аударуға мүмкіндік беретін жаңа сервисті іске қосты. Бұрын бұл процесс 1 аптаға дейін созылатын. Visa компаниясында саланы серпілтуге арналған өзге де инновациялық идеялар бар. Оның бірқатары "Astana Finance Days" халықаралық конференциясында талқыланды.

Қазақстан қаржы нарығына инновация енгізу бойынша Орталық Азияда ғана емес, бүкіл әлемде көш бастап тұр. Astana Finance Days конференциясында  шараның басты серіктесі болған цифрлық төлемдер индустриясының әлемдік көшбасшысы Visa компаниясы сарапшылармен бірге елдің қаржы саласын одан әрі дамытуды талқылады.

Кристина Дорош, VISA вице-президенті:

- Бүгін әріптестерімізбен өткізген пікірталас қаржы секторындағы инновацияларға арналды. Салаға жаңашылдық әкелуге тырысып жүрген әріптестеріммен бірге Қазақстанның қаржы секторындағы ахуалды талқылағаныма  қуаныштымын. 

Панельдік сессия барысында Visa компаниясының өкілі қаржы саласын серпілтуге бағытталған тәжірибелерімен бөлісті. Жалпы жиынға әлемнің түкпір-түкпірінен жиналған қаржыгерлер мен сарапшылар қатысты.

Айдос Жұмағұлов, Bank Freedom Finance Kazakhstan директорлар кеңесі төрағасының кеңесшісі:

- Қазір екінші деңгейлі банктердің арасында бәсеке жаңа деңгейге көтеріліп жатыр. Сондықтан банктер озық технологияны қабылдап, кешенді экожүйелерін құрастырып жатыр. Тек қана депозит беріп, кредит жинап, қазір өз кредиттерін халықтарға ешқандай серпін алып келе алмайсың.  

Жиында жаһандық экожүйені дамыту және қаржылық қызметтерді цифрландыру жайы да сөз болды. 

Жұмабек Мамутов, Halyk Bank Басқарма төрағасының орынбасары:

- Әдетте мұндай форумдарда компаниялардың жетістіктері айтылады. Өзара тәжірибе алмасамыз. Сала серпілісіне сеп беретін қызықты мысалдар сөз болады. 

Сондай-ақ шарада жасанды интеллекттің қаржы нарығына әсері талқыланды. Конференцияға барлығы 70 елден 3 мыңнан астам қаржы саласының өкілдері қатысты.

Бекзат Аманов, Ақылбек Есімсейітов