Қостанай облысында тауарлы балық өсіру шаруашылықтары субсидия сұрайды

Қостанай облысында тауарлы балық өсірумен айналысатын шаруашылықтар субсидия сұрайды.

Кәсіп иелерінің есебінше саланы дамытуға 61 млн теңге керек. Бірақ қаржылай қолдауға қол жеткізу әзірге мүмкін болмай тұр.

Мына бір балық тәлімбағы екі жыл жұмыс істейді. Бұл жерде сиг және албырт тұқымдары басып шығарылады. Жоба құны 70 млн теңге. Оның бір бөлігі республикалық бюджеттен қайтарылды. Ал, жергілікті қазынадан жем – азық, балық өсіру материалы мен дәрі - дәрмек шығыны өтелуі тиіс.

Қайрат Ұсақов, кәсіпкер:

- Жіберген өтініш қабылданбайды. Ақша жоқ дейді. Біз бүкіл құжатты жинап бердік. Бірақ қолдау болмай тұр. 

Өңірде екі жыл бұрын небәрі 4 тауарлы балық шаруашылығы болған. Қазір 55-ке жетті. Өңірде осы саланы дамытудың бағдарламасы қабылданғаннан кейін кәсіпкерлер де тартылды. Бәрі қаржылай қолдауға сеніп келген. 

Серік Бейсембаев, Тобыл - Торғай облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының басшысы:

- Бұл бағдарламаға кәсіпкерлер сене бастады. Көлдерді жалға алып, кенже қалған балық шаруашылығын дамыта бастады. Өткен жылы 7 млн теңгеге өтінімдер қабылданды. Оның 6,9 млн теңгесі жергілікті бюджеттен төленді. 

Биыл субсидия сомасы 10 есеге артты. Шығынның бір бөлігін өтеу үшін кәсіпкерлер екі рет өтінім берген. Бірақ нәтижесіз.  

Амангелді Исмайылов, табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының бөлім басшысы:

- Облыстық бюджеттен 61 млн теңге бөлу қажеттілігі бар. Бірақ ол бекітілмеген. Сол себепті өтінімдерді қабылдай алмай отырмыз. 

Басқарма қызметкерлері субсидияны алуға жыл соңына дейін уақыт бар. Қазір олар бюджеттік өтінім толтырып жатыр. Ал тауарлы балық шаруашылықтарынан 200 тонна өнім тосып отыр. Жергілікті билік өкілдері қайта өңдеу жобаларын да қолдауға дайын.  

Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Наталья Строкова, Ермек Мұхамедияров