«Самұрық-Қазына» қорын молайтады
Мұны акционерлік ұйым басшысы Нұрлан Жақыпов айтты.
Қазір мекемедегі активтердің жалпы құны 70 миллиард АҚШ долларынан асады. Бұл соманы 2026 жылдың соңына дейін 100 миллиард долларға жеткізу көзделіп отыр. Яғни қазақстандық кәсіпорындар мен компаниялардың үлесі артады. Қорға жаңадан жетекші болып келген Нұрлан Жақыпов алғашқы 100 күндегі жұмысын қорытындылап, алдағы жоспарымен бөлісті. Мұнай арзандаса да «Самұрық-Қазынаның» таза пайдасы былтырғы деңгейден төмен болмайды деп күтілуде. Нұрлан Жақыпов Қор экономиканың драйвері болып қала беретінін атап өтті.
Нұрлан Жақыпов, «Самұрық-Қазына» АҚ басқарма төрағасы:
- Тынымсыз жұмыс істеуіміз керек. Ең қиын сектор – экономиканы субсидиялау. Қор 1,2 трлн теңгеге жеңілдетілген тариф пен бағаны ұсына отырып, ел экономикасын субсидиялайды. Президент өткен жылы «Инвестициялар орнына тариф» атты бағдарламаны іске асыруды тапсырды. Қазір біз Үкіметпен және Президент Әкімшілігімен тарифтерді жоспарлы түрде арттыру үшін жұмыс істеп жатырмыз. Міндетіміз – инфляциялық дәліз шегінде тарифтердің өсуін 10-12% шегінде сақтау және әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз ету.