Тынбай еңбектенген петропавлдық кәсіпкер пайданың көзін тапты

Солтүстік қазақстандық Ләйла Сайдашева жатпай тұрмай еңбек етіп, көпке үлгі болған жан.

Алғашында аядай ғана бөлмеде кәсібін бастаған ол, бүгінде 200-ге жуық адамды жұмыспен қамтып отыр. Кондитерлік фабрикада тәттінің жүзге тарта түрі дайындалады. Қажетті мамандарды өзі оқытып, үйретеді.

Петропавл қаласының тұрғыны Владимир Агапов көп жыл бойы жүргізуші болып еңбек еткен. 50 жасқа таяған азамат былтыр кондитер ісінің қыр-сырын меңгере бастады. Тынымсыз тер төгіп, бүгінде ол үлкен ұжымдағы білікті маманның біріне айналды. 

Владимир Агапов, наубайшы кондитер:

- Мамандығымды өзгерткім келді. Сол себепті өткен жылы фабрикаға арнайы келдім. Мұндағылар бәрін басынан үйретті. Қазір кез-келген тәттіні өзім жасай аламын. Ұжымым жақсы. Табысымды да тұрақты түрде алып тұрамын. 

20 шаршы метрдей ғана бөлмеде кәсібін ашқан Ләйла Сайдашева 19 жылдың ішінде бастаған ісін үлкен кәсіпорынға айналдыра білді. Қазір ол жетекшілік етіп отырған фабрикада тәттінің жүзге тарта түрі дайындалады. Ал дәмі тіл үйірер өнім пісіруде пайдаланылатын шикізаттың 80 проценттен астамы жергілікті отандық өнім.

Ләйлә Сайдашева, кәсіпкер:

- Кәсіпті жалғыз бастадым. Ол кезде тәтті тоқаш пісіремін. Артынша сатамын. Яғни барлық жұмысты бір өзім атқаратын едім. Әрине ол бір қиын кездер болатын. Қажырлы еңбек және халықтың сенімінің арқасында осындай күнге жеттік. Ал бертін мемлекеттік бағдарламаларға қатыса бастадық. Қазір міне екі жүзге жуық адамды жұмыспен қамтамасыз етіп отырмыз.  

Кәсіпкер «Табыстың тілті – еңбекте» екенін жақсы түсінеді. Сондықтан сапаға баса мән береді. Былтыр фабрикада 1300 тоннадан астам өнім дайындалыпты. Ал ол Қазақстаннан бөлек, көрші Ресей еліне де экспортталды.

Самат Қайырденұлы, Төлеген Иманов