«Білгендерін істеп отыр». Көмір қымбаттады

Ақмола облысында көмір қымбаттады.

Қазір аймақта қатты отынның бір тоннасы 17 мың теңгеден асады. Ал қыс басталғанша бұл баға тағы өсуі мүмкін.

Тұрғындардың айтуынша қазір көмірді табу мұңға айналған. Әсіресе облыс орталығында "Шұбаркөл" және "Қаражыра" секілді көмір тапшы. Түйткілді мәселе қашан шешімін табады? Көмір бағасы тұрақтала ма?

Қазір облыс бойынша көмір сататын 60-қа жуық орын бар. Бірақ соның көбінде жағдай осындай. Қаз-қатар тізіліп, кезекте тұрған жүк көліктерінен көз сүрінеді. Айталық, бағасы шарықтаған көмірді алу үшін кей тұрғындар таң сәріден кезек күтсе, кейбірі тіпті түнеп күтуге мәжбүр екенін айтады.

Алпысбай Бейсенбаев, Красный яр ауылының тұрғыны:

- Көмірдің бағасы күнде қымбаттап жатыр. Көмір түспейді. Кішкене халыққа түсіруге болады ғой. Поставка дұрыс жоқ. Халық алғысы келеді көмір. Бірақ мынадай ажиотаж. Қараңыз, міне қаншама машина тұр. 2-3 күн кезекте тұрамыз.

Сағаттап кезек күткендердің қатарында ауылдан келгендер көп. Шағалалы ауылының тұрғыны Қадыр Кәлемшәріп бірнеше күн бойы көмір ала алмай жүр. Алты тонна үшін ауылдан бірнеше рет келген. Шарықтаған көмір бағасынан бөлек, оның тасымалдау құны да күрт қымбаттаған.

Қадыр Кәлемшәріп, Шағалалы ауылының тұрғыны:

- Көмірге адамдар таңғы 5-тен келеді. Көмір жоқ. Көмір ұсақ. Бір екі вагон келеді. Ол бірден бітіп қалады. Қазір біздің ауыл 20 шақырым, соған жеткізіп бергені үшін 20-25 мың алады. Қымбат бәрі.

Жергілікті билік өкілдері көмір тапшылығын жоққа шығарып отыр. Ал қатты отынның қымбаттауы көмір тасымалдаушылардың шығынына қатысты деп қысқа қайырды.

Ақжол Қылышбаев, Энергетика және ТҮКШ басқармасының бөлім басшысы:

- Көмір бағасының көтерілуі өткен жылы қыркүйек айында теміржол тасымалдауы тарифінің көтерілуіне байланысты 15-20 пайызға қымбаттаған болатын. Осы жылы тағы да темір жол тасымалымен қатар, көмір қималарынындағы көмірдің өз бағасының өсуіне байланысты болып отыр.

Осылайша көмір бағасына жауапты ведомство өкілдері бәрінен хабардар болып шықты. Бірақ бағаны тұрақтандыруға олардың құзыреті жетпейді. Қазір облыстық бәсекелестікті қорғау және бақылау департаменті талдау жасап, қымбатшылықтың себеп-салдарын анықтап жатыр.

Олжас Кәкенов, Бәсекелестікті қорғау және дамыту жөніндегі департаментінің басшысы:

- Бүгінгі таңда көмірге шекті баға орнатылмаған. Сондықтан қазіргі кезде көмірге бағаны субьектілер өздері белгілейді. Алайда, бүгінде департамент тарапынан арнайы анализдер өткізіліп жатыр. Сол анализдердің қорытындысы бойынша субьектілерді тексеріп, қараймыз.

Негізінен халық қызуы күшті Шұбаркөл көмірін алғанды жөн көреді. Аймақта оған сұраныс жоғары. Бірақ осы сұрыпты көмір өндірілетін Қарағанды облысында баға тұрақты. Ал басқа аймақтарда бағаның шарықтауына алыпсатар компаниялар кінәлі. 

Дамира Қожахметова, "Шұбаркөл көмір" АҚ ККҚ басшысы:

- Бүгінгі таңда Шұбаркөл көмірінің алаңында көмірді сату бағасы өзгеріссіз қалды. Яғни ол 8790 теңге.

Жалпы Ақмола облысы тұрғындарының қатты отынға деген қажеттілігі 1 млн тонна шамасында. Бұдан бөлек коммуналдық мекемелерге 530 мың тонна көмір қажет. Қазір осы қажеттіліктің тек 19 проценті, яғни 190 мың тоннасы ғана жеткізілген.

Абзал Балтабаев, Виктор Полянный, «Хабар-24», Ақмола облысы.