Күзгі жиын-терім диқандар үшін оңайға соқпады
Кей аймақтарда толассыз жауған жаңбыр салдарынан бидай сапасы нашарлап кеткен, деп хабарлайды «Хабар 24».
Қазір 14 гектардан астам егін орылды. Ендігі кезекте шаруаларға қандай көмек көрсетіледі? Жалпы астық сапасы қандай?
Солтүстік Қазақстан, Ақмола және Қостанай облыстарында нөсер жауын 20 күнге созылды. Бұл өз кезегінде бидай сапасына айтарлықтай әсер еткен. Петропавл элеваторы күзгі жиын-терім басталғалы 30 мың тонна астық қабылдады. Оның тек 25%-інің ғана сапасы жоғары.
Тамара Таубе, өндірістік-технологиялық лабораторияның меңгерушісі:
- Бидай сапасы нашарлады. Негізінен 5-ші сыныпты бидайлар құстарға жем-шөп ретінде пайдаланылады. 4-ші сыныпты бидайлар азық-түлікке пайдаланылады. Оны экспорттаймыз.
Әл-Фараби Серіков, тілші:
- Зертханаға соңғы 9 айдың ішінде 600 сынама келіп түскен, оның 300-і – биылғы астықтың өнімі. Бірінші кезекте мамандар астық сынамаларын тіркеуден өткізеді. Одан кейін тексеру үлгілеріне бөліп, ары қарай сапа көрсеткіштері бойынша зерттеулер жүргізеді.
Астық егуден көшбасшы саналатын 3 аймақтан зерттеуге 300 сынама жіберілген. Нәтижесінде 70%-інің сапасы төмен екені анықталды.
Сақыпжамал Ордабаева, Орталық сынақ зертханасының жетекшісі:
- Сапа жағынан ешқандай сыныпқа жатпайтын бидайдың қамырлығы 30-40%-ке дейін жетеді. Егер оны элеваторларда сақталған былтырғы астықпен араластырса, сапасы едәуір артады.
Аграрлық салада көпжылдық тәжірбиесі бар сарапшының айтуынша, 4-ші сыныпты бидайдың өзінен нан дайындауға болады. Ауа райының қолайсыздығына байланысты сапаның өзгеріп тұруы заңды. Бидай бітік шығуы үшін жыл сайын жаңа тұқым егіп, тыңайтқыштарды пайдаланып отыру керек, - дейді маман.
Төлеутай Рахымбеков, сарапшы:
- Ауыл шаруашылығының өніміне ең бірінші сұраныс жасайтын – өзіміздің мемлекеттің тұрғындары, азаматтары. Сондықтан оның бағасы, мысалы, нарық бағасы осындай екен деп көтере беруге болмайды. Сондықтан мемлекет қатты реттейді бағасын.
Министрлік шығынға ұшыраған диқандарға қолдау көрсетіледі деп сендіріп отыр. Әзірге шаруаларға астықты кептіру үшін арзандатылған дизель отыны бөлінген.
Айхан Сұлтан, ҚР АШМ Егіншілік департаменті директорының орынбасары:
- Күзгі жиын-терім әлі жүріп жатыр. Бүгінгі күні кәсіпорындар 2 миллион тонна астық қабылдаған. Соның 70%-і 3-ші сыныпты құрап отыр, яғни сапасы жақсы. Азық-түлік корпорациясы ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерден өнімдерді тікелей сатып алу мақсатында бюджеттен 30 миллиард теңге бөлінеді.
Фермерлерді алаңдатқан тағы бір мәселе – өнімге деген сұраныстың азаюы. Өйткені көрші елдерден жеткізілген бидайдың бағасы арзан. Дегенмен салаға жауаптылар алаңдауға себеп жоқ дейді. Басқа мемлекеттерден теміржол, автокөлікпен тасымалданатын бидайға тыйым салыныпты.
Авторлары: Әл-Фараби Серіков, Мейрам Жүнісов, Серік Қоңырбаев, Арман Ақшабаев.