Шетел инвестициясы: Қазақстан көшбасшылар қатарында

Қазақстан шетелдік инвестициялар көлемі жағынан көшбасшы 10 елдің қатарына енді, деп хабарлайды 24KZ.

Халықаралық сарапшылар жүргізген талдау нәтижесі осындай. Елде Президент тапсырмасымен инвесторларды жан-жақты қолдау шаралары кешенді түрде жүргізіліп жатыр. Алдағы жылдарға жоспарланған меже одан да көлемді.

2022 жылы Қазақстанға тартылған шетелдік инвестиция көлемі 28 млрд долларға жеткен. Бұл – соңғы онжылдықтағы рекордтық көрсеткіш. Ал былтырғы 9 ай ішінде 19,7 млрд доллар құйылған. Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, негізгі капиталға салынған инвестиция 14,6%-ке өсті. Елде дәл осы бағыттағы жұмыстар одан әрі жетілдіріліп жатыр. Мәселен, кешенді инвестициялық саясат тұжырымдамасы қабылданды.

Рауан Аташбеков, ҚР Ұлттық экономика министрлігінің бас сарапшысы:

- Терең өңдеу кластерін дамыту үшін 20-ға жуық ірі инвестициялық жоба қалыптастырылды. Шетелдік компанияларды орналастыруға белсенді жұмыс атқарылып жатыр. Қазіргі таңда 41 шетелдік компания көшірілді, орналастырылды біздің елімізге. Салықтық есептік 30%-ке, салық төлемдері 20%-ке қысқартылады. Елдің инфрақұрылымдық базасын нығайту үшін Ұлттық инфрақұрылымдық жоспар әзірленіп жатыр.

fDi Intelligence компаниясының сарапшылары Азия, Таяу Шығыс, Еуропа және Африка елдерінің инвестициялық тартымдылығына сараптама жүргізді. Соның ішінде макроэкономикалық нәтижелері мен траекторияларын бағалады. Бұл көрсеткіш бойынша Қазақстан алтыншы орынға жайғасты. Отандық экономистер елдегі инвестициялық әлеуеттің жылдан жылға артуын инвесторларға жасалған қолайлы жағдаймен байланыстырады.

Ләззат Жанмолда, экономист:

- Бұл елдің ішіндегі саяси жағдайдың, әл-ауқаттың тұрақтылығы, біріншіден. Сосын, екіншіден, Астана қаржы орталығында «Британ заңы» бойынша жұмыс жасайды. Бұл да өзіндік шетелдік компаниялардың қаржы салуына мүмкіншіліктер бар. Үшіншіден, салық деп отырмыз. Салықты оларға жеңілдетіп отыр. Яғни, кәсіптерін айналдырып, табыс табуға молырақ мүмкіншілік береді.

Сыртқы істер министрлігінің мәліметінше, былтыр жалпы құны 602 млрд теңге болатын 59 инвестициялық келесімшарт жасалған.

Шоқан Омаров, ҚР СІМ Инвестиция комитетінің басқарма басшысы:

- Инвестициялық жобалардың жалпыұлттық пулына мыңнан астам жоба кіреді. Олардың жүзеге асырылу барысына мониторинг жүргізіліп тұрады. Алдағы 7 жылда елге 150 млрд доллар тікелей инвестиция тарту көзделген. Қазір шикізаттық емес секторды дамытуға басымдық беріліп жатыр. Бұл бағытта да инвесторлардың қызығушылығы ерекше.

Ал әлемдік бәсекеге қабілеттілік рейтингінде Қазақстан алты сатыға көтеріліп, 37-ші орынды иеленіп тұр. «Шетелдік инвесторлардың жасыл энергетиканы дамытуға, инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыруға қызығушылығы артып келеді», - дейді Астана халықаралық қаржы орталығының мамандары.

Авторлары: Еркебұлан Смадияров, Қанат Махмұтов.