Қазақстан мен Өзбекстан жеміс-жидек тасымалы туралы нақты келісімге қол жеткізді
Қазақстан мен Өзбекстанның сауда министрліктері көкөніс және жеміс-жидек тасымалы саласында нақты келісімдерге қол жеткізді.
Ташкентте еліміздің Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев өзбекстандық әріптесі Лазиз Кудратовпен кездесіп, екіжақты ынтымақтастық мәселелерін талқылады. Басқосуда екі ел президенттерінің тапсырмаларын орындау, оның ішінде тауар айналымын 10 млрд долларға дейін ұлғайту міндетіне ерекше назар аударылды. Транзит-көлік саясаты, шекаралық өткізу бекеттерінің инфрақұрылымын жаңғырту, қазақ пен өзбектің IV өңіраралық ынтымақтастық форумына дайындық мәселелері қарастырылды. Сондай-ақ өнеркәсіптік кооперация мен екі елдің іскер топтары арасындағы байланысты бекемдеу жайы сарапталды. Нәтижесінде келісімдерді орындау мерзімін рәсімдейтін хаттамаға қол қойылды.
Арман Шаққалиев, ҚР Сауда және интеграция министрі:
- Алдағы 1 апта ішінде бір-бірімізге қандай көлемде тауар тасымалдайтынымыз белгілі болады. Бірлескен «UzKazTrade» компаниясы арқылы жұмысымыз жандана түседі. Маусымдық кезеңде Қазақстанға көкөніс пен жеміс-жидек жеткізу, одан бөлек тоқыма өнімдерін тасымалдауға келістік. Біз Өзбекстанға май және қара металлургия өнімдерін жөнелтеміз. Сертификаттау, тексеру, зерттеу нәтижелерін өзара тануды талқыладық. Мұның барлығы тауар айналымының артуына ықпал етеді.