Алтын сапасына қатысты шағым көп
Қазақстандағы зергерлік бұйымдар саудасында ала-құла тұстар көп.
Бұл ел бюджетіне түсуі тиіс қаржының да азаюына ықпал ететіні сөзсіз. Сала мамандары елде жасырын цехтар жұмыс істейтінін айтады. Яғни, ол цехтарда шетелдік брендтердің көшірмелері жасалады.
Қазақстандық зергерлер лигасының президенті Қайсар Жұмағалиевтің сөзіне сүйенсек, саладағы көлеңкелі бизнестің жалпы айналымы жылына 450 млрд теңгеге дейін жетеді. Өйткені қазақстандық зергерлер алтынды көбінесе қара нарықтағы саудагерлер мен ломбардтардан сатып алады.
Былтырдан бері зергерлер алтын мен күміс сатып алғандағы салықтан босатылған. Тек, тауарды сатқан кезде қосымша құн салығын төлейді. Ендігі мәселе, Түркияда өндіруші шикізатты биржа бағасы бойынша сатып алады. Одан кейін тасымал мен бұйымды жасауға шығындалады. Сол бағамен дайын бұйымды саудаға шығарады. Ал, қазақстандық зергерлер бұл шығындардан бөлек, 12 пайыз қосымша құн салығын төлейді. Яғни, отандық өнім шетелдік тауарға қарағанда 12 пайызға қымбат болып шығады.
Зергерлік бұйымдар шығыны
Түркия:
- шикізат
- тасымал
- жұмыс ақысы
Қазақстан:
- шикізат
- тасымал
- жұмыс ақысы
- 12% ҚҚС
Қайсар Жұмағалиев, зергерлер лигасының төрағасы:
- Зергерлер алтынды тиісті орыннан сатып алмайды. Себебі, қара нарықтан сатып алған арзанға түседі. Көктемде сауда қызады. Алайда, барлық жұмыс жасырын жүріп жатқандықтан ешкім салық төлемейді. Бұл – үлкен нарық. Бюджет қыруар қаржыдан қағылып отыр.
Лига төрағасының айтуынша, проблеманы шешу үшін бірнеше шаруаны реттеу керек. Алдымен өзін-өзі басқаратын ұйым құрып, оған барлық зергерлердің кіруін міндеттеу қажет. Сол арқылы контрабанданың жолын кесуге болады. Сонымен қатар, салық заңнамасына өзгеріс енгізу керек. Алайда, экономистер зергерлік бұйымдар саудасындағы қосымша құн салығын алып тастау қажет емес дейді. Себебі, қымбат бұйымдар әлеуметтік маңызды тауарлар қатарына жатпайды.
Цитата:
Контрабанда – есепте жоқ тауар айналымы. Сондықтан, нарықтағы контрабанда үлесі 90 пайыз деп қалай айтуға болатынын түсінбеймін. Ал салыққа келсек, алтын бағасын арзандату мақсатында салықты азайту қажет емес. Себебі, көпшілік алтынды тек әшекей емес, инвестиция ретінде сатып алады. Яғни, алтынды жағдайы бар азаматтар жинайды. Сол арқылы келешекте әл-ауқатын арттыруды көздейді. Яғни, қымбаттаған кезде сатады.
Андрей Чеботарёв, экономист
Қазақстан алтын өндіру бойынша әлемде үздік 20 елдің қатарына енеді. Жыл сайын 40 миллион тонна шамасында алтын кені өндіріледі. Сондай-ақ, ресми мәліметке сүйенсек, өткен жылдың он айында қымбат металдардан жасалған 600 келі зергерлік бұйым экспортталды. Бұдан 20 миллион доллар көлемінде табыс кірді. Отандық тауар Араб Әмірліктері, Франция, Түркия, Ресей мен Германия жөнелтілді. Ал сырттан 57 тонна өнім кірді. Бұл қатарда Ресей, Франция мен Италия көш бастап тұр.
Тұтынушы контрабандалық бұйымды сатып алғанмен, оның сапасына мән бере қоймайды. Сатушының сөзіне сенеді. Кейін оның қоспа екенін білген соң ғана өкінеді. Ал мерзімі өткен соң оны сатқан саудагерді тауып, сотта дәлелдеу де қиын. Сондықтан кәнігі зергердің қолынан шыққан дүниеден көрі контрабандалық жолмен келген дүниенің дәурені жүріп тұр. Өйткені арзан.
Зергерлік бұйымдар саудасы (қаңтар-қазан, 2023 ж.)
Экспорт – 600 келі
- БАӘ
- Франция
- Түркия
- Германия
- Ресей
Импорт – 57 тонна
- Ресей
- Франция
- Италия
- Швейцария
- Таиланд