Қай салада маманға сұраныс көп?
Елде жұмыс істейтін халық саны 9 млн асады.
Оның ішінде 76 пайызы жалдамалы қызметте болса, қалғандары өзін өзі жұмыспен қамтығандар. 2022 жылмен салыстырғанда жұмысқа орналасқандардың қатары көбейген. Сауда, білім, ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіп салаларында мамандарға сұраныс көп. Өткен 11 айдың қорытындысы бойынша Қазақстанда жұмыссыздық деңгейі: 4,7 пайыз. NEET санатындағы жастар үлесі 7,1 пайыз.
Қазіргі таңда халықты бірнеше бағыт бойынша жұмыспен қамту мүмкіндігі бар.
Жұмыстың негізгі бағыттары:
сауда – 16,6%
білім – 12,8%
ауыл шаруашылығы – 12,2%
өнеркәсіп – 7,1%
Жұмыссыздық деңгейі – 4,7% – 451500 адам
NEET санатындағы жастар үлесі – 7,1%
Артем Сабралиев былтыр ғана университет аяқтаған жас маман. Оқу бітіргеннен кейін Мансап орталығына келіп, мамандығы бойынша жұмыс тапқан. Оның айтуынша жас маманға аз уақытта тәжірибе жинақтап, тұрақты жұмысқа орналасу үшін «Жастар тәжірибесі» бағдарламасы таптырмас шешім.
Артем Сабралиев, менеджер-кеңесші:
- Қазір тәжірибесіз жұмыс табу қиын. Яғни осы жастар тәжірибесі бағдарламасы аясында мен тәжірибе жинақтаймын. Еңбек сайтын білмей жүрсем жұмысқа тұруым қиын әрі көп уақытты алар еді деп ойлаймын. Осы жылдың тамыз айында тәжірибем аяқталады. Содан кейін жинаған тәжірибем арқылы тұрақты жұмыс орнын тапқым келеді.
Еңбек мобильділігі орталығының мәліметіне сәйкес, жыл басынан бері жұмыс іздеушілерден екі мыңға жуық өтінім түскен. Оның ішінде өнеркәсіп, құрылыс, білім беру, денсаулық сақтау саласындағы жұмыстарға сұраныс көп.
Олжас Омар, «Еңбек мобильділігі орталығы» КММ директоры:
- Жыл басынан біз 84 адамды тұрақты жұмысқа орналастырдық және 300 - ге жуық адамды уақытша жұмысқа орналастырдық. Ол субсидияланатын жұмыс орындары, жастар практикасы, күміс жас, әлеуметтік жұмыс орны, қоғамдық жұмыстар. Осы мемлекет тарапынан төленетін жалақысы 300 адамды осы жұмыстарға орналастырдық.
Мансап орталығы мамандарының айтуынша жұмыс іздеушілерге қарағанда жұмыс берушілер көп. Алайда көбі жұмыстың жалақысына, болмаса жұмыс уақытына қарап келіспей жатады.
Бағила Орынбетова, мансап орталығының басшысы:
- 2024 жылдан бастап 26 адам жастарды жұмысқа орналастырдық жастар практикасы бойынша және алғашқы жұмыс орны бойынша. Көбінесе жастардың қазіргі талабы жұмыс іздеу барысында ең бастысы ол оңай жұмыс болса екен деп ойлайды және де жалақысы өте жоғары болғысы келеді. Көбінесе сұрайтыны үй жағына жақын онлайн жұмыстарды сұрап жатады.
Еңбек кз сайтына жұмыс берушілер бос жұмыс орындарын күн сайын жариялайды. Алайда айлап маман таппайды. Демек, іздеген адам жұмыс табары анық.
Зарина Кәп, Мұрат Арипханов