Еуроодақ Орталық Азиямен ынтымақтастықты күшейтпек

«Орталық Азиямен ынтымақтастықты күшейту қажет». Еуропарламенттің Страсбургтегі пленарлық отырысында Еуроодақтың Орталық Азия бойынша стратегиясын бағалау туралы есебіне қатысты қарар қабылданды.

Құжатқа 629 депутаттың 543-і қолдап дауыс берген. Саяси, сауда-экономика мен мәдени-гуманитарлық әріптестік басты бағыттар деп танылды.

Еуроодақ депутаттары біздің аймаққа бірнеше рет келген болатын. Қазақстан «кәрі құрлық» елдерімен энергетика, логистика, цифрландыру, индустриаландыру және басқа салалар бойынша инвестиция тартуға және өзара тиімді сауда-экономикалық ынтымақтастыққа мүдделі. Еліміздің сыртқы сауда айналымының 40%-і Еуроодаққа тиесілі. Былтырғы жылдың алғашқы 3 тоқсанында Қазақстан экономикасына 7,8 млрд АҚШ долларына тең инвестиция құйылған. Еуродепутаттар Транскаспий халықаралық көлік дәлізін Азия мен Еуропа арасындағы көпір ретінде тиімді пайдалану мүмкіндігін кеңейтуге дайын екенін жеткізді.

Томаш Здеховский, Еуропарламенттің ОА елдерімен ынтымақтастық бойынша делегация басшысы:

- Бұл көрсеткіш Еуроодақ пен Қазақстан арасындағы қарым-қатынас жоғары деңгейде екенін байқатады деп ойлаймын. Бұл жерде экономикалық байланыс қана емес, сондай-ақ мәдениет, қауіпсіздік, білім беру және басқалары да маңызды. Еуропарламент Қазақстандағы барлық реформаларға риза. Сіздер демократия жолымен жүріп бара жатырсыздар. Бұл сіздердің қоғам үшін игілікті іс-шаралар. Еуропарламент Қазақстанға арналған виза режимін жеңілдетуді толық қолдайды.