Шымкентте жылыжайларға субсидия төлене бастады
Шымкентте жылыжай кешенінің иелеріне коммуналдық шығынның 20% өтеуге субсидия төлене бастады, деп хабарлайды 24KZ.
Көкөніс өнімдерін өндірген 23 қожалыққа газ, электр энергиясы мен қатты отынға кеткен шығындары үшін 341 миллион теңгеден аса қаржы аударылды. Бұл туралы ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасының өкілдері мәлімдеді.
Сондай-ақ аймақтағы қожалықтарды қолдау үшін 560 тонна тыңайтқыш үшін де субсидия төленбек. Тұқым шаруашылығын дамытуға 12 миллион теңге бағытталды. Стандарттау жүйесі арқылы сертификат алған шаруашылықтарға бюджеттен 700 миллион теңгеден аса қаражат қаралып отыр. Биылдан бастап жылыжай кешендерін салып, оны кеңейтуге инвестиция құйған кәсіпкерлердің шығынын субсидиялау 25%-тен 30%-ке көбейтілді. Бұл отандық өнімдердің импорттық тауарларға бәсекелестігін арттырады, - дейді мамандар.
Алтынбек Сұлтанмұрат, қалалық ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасының бас маманы:
- Қалалық бюджеттен 767 миллион теңге осы жылыжай шаруа қожалықтарын субсидиялауға қаралды. Ол жерде фермерлік жылыжайлардың 1 гектарына 4 млн 858 мың теңге. Ал өнеркәсіптік жылыжайлардың 1 гектарына 8 млн 128 мың теңге. Сәйкесінше өнеркәсіптікі жоғары. Себебі ол жердегі шығындар фермерлік жылыжайларға қарағанда жоғары болады.