Тараздағы тері өңдеу кәсіпорны қолдауға мұқтаж

Тараздық кәсіпкерлер жеңіл өнеркәсіп саласына арналған арнайы бағдарлама болса дейді.

Себебі тері өңдеушілерге қолдау болмай тұр. Мәселен, ұсақ мал терісін өңдеп, былғары шығарумен айналысатын Кемелбек Абдуалиев мемлекет жәрдеміне мұқтаж. Аймақтағы ауқымды зауытты терімен қамтамасыз етіп отырған кәсіпкердің өніміне сұраныс жоғары. Бірақ ескі құрылғылармен жоспарды жүзеге асыра алмай отыр. Ал кеңестік кезеңде аты шыққан «Тараз былғары аяқ киім» зауытына маман жетіспейді. Сондықтан мекеме басшылығы қайта өңдеу кәсіпорындары мемлекет тарапынан ынталандырылса дейді.

Кемелбек Абдуалиев 30 жылдан бері тері өңдеу кәсібімен айналысады. Бүгінде кәсіпкер 11 тұрғынды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Олар жылына ұсақ малдың өңделген 60 мың терісін шығарады.

Мерей Бает, тілші:

- Шағын кәсіпорында қазір күніне 250 тері өңделіп жатыр. Кәсіпкердің сөзінше, сұраныс бұдан 5 есе жоғары. Тараз қаласынан бөлек, Шымкент, Алматы сынды қалалардан да сұраныстар түсіп жатыр.

Бірақ тапсырыстарды қабылдауға техниканың ескі болуы қолбайлау болып тұр. Оған қоса көне құрылғымен сапалы өнім шығару да қиын.

Кемелбек Абдуалиев, кәсіпкер:

- 40 жыл болған станоктар ғой негізінде. Бірақ енді істеп жатыр. Енді ары қарай, мүмкін болса, жаңа техникалар алу керек, қондырғылар алу керек. Есесіне ол жеңілдік береді. Сапаға рөл ойнайды. Жұмыстың жеңілдеуіне, жастарды тартқанға да дұрыс болады. Мүмкін болса, сол мемлекет кішкене жер берсе, жаңағыдай біздің өзіміздің қойма салуыма, өндіріс саласын кішігірім күндігіне 1000 тері өңдейтін өндіріс салуыма көмектессе.

Шағын цех 10 жылдан бері «Тараз былғары аяқ киім» кәсіпорнын табиғи жүнмен қамтамасыз етіп отыр. Ауыл аймақтан жиналған терінің басым бөлігі жарамсыз болып шығады екен. Сондықтан арнайы мал сою алаңдарын ашу керек, - дейді цех басшысы. Тері өңдеу саласындағы мәселе бұл ғана емес. Кеңестік кезеңде 6 млн жұп аяқ киім шығарған Тараздағы зауытта 7500-ге жуық жұмысшы болған. Қазіргі қуаттылығы жылына 240 мыңға кеміп отыр. Оған қоса алпауыт зауытының бір ғана бөлігі жұмыс істеп тұр. Оның өзіне маман жетіспейді.

Мұхтар Шаюнусов, кәсіпорын директорының орынбасары:

- Біздің басты проблемамыз – кадр табу. Өзіміз амалдап, жас мамандарды үйретіп жатырмыз. Колледждерде бізге сәйкес келетін мамандықтар бар. Бірақ оқу бітірген жастар келмейді. Қазір 248 қызметкер болса, олардың 70%-і – егде жастағылар.

Жауаптылар маман тапшылығын шешу үшін былтыр қысқа мерзімді оқытуға 200 миллион теңгеден аса қаржы жұмсаған. Соның есебінен мыңнан аса жұмыссыз тұрғын жаңа мамандықты игеріпті. Бірақ тері өңдеу зауыттарына барғысы келетіндер аз.

Әділхайыр Атин, Еңбек мобильділігі орталығы басшысының орынбасары:

- 4 тараптың арасында келісімшарт жасалады. 4 жақты келісімшарт болады бұл. Бұл жерде әр жақтың өзінің талаптары бар, міндеттері бар. Жұмыссыз азамат оқып бітіруге міндетті. Жұмыс беруші бітіргеннен кейін сол азаматты жұмысқа орналастыруға міндетті. Оқу орталықтары оқытып, сертификат беруге міндетті. Ал енді Еңбек мобильділігі орталығы оқыған азаматтың шәкіртақысын төлеуге, жаңағы оқытушы мекеменің оқу құнын төлеуге міндетті.

Аймақта тері өндірісінің өрісін кеңейтуге арналған жеңілдіктер мен арнайы жобалар жоқ болып шықты. Жауаптылар, тері өңдейтіндер тек жалпыға ортақ несие ғана ала алатынын мәлімдеді.

Талғат Шалдарбеков, облыстық кәсіпкерлік және ИИД басқармасының бөлім басшысы:

- Қазіргі таңда мемлекеттік қолдау мынау «қарапайым заттар экономикасы, сондай-ақ кәсіпкерлікті дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жоба» аясында көрсетіліп жатыр. Пайыздық ставканы субсидиялау, несиені кепілдендіру, мемлекеттік грант беру. Қазіргі таңда жалпы несие кәсіпкерлерге 8-7%-пен беріліп жатыр.

Аймақта жеңіл өнеркәсіп бағытында 51 кәсіпорын жұмыс істесе, оның біреуі ғана – ірі зауыт. Ал республика бойынша тері мен жүн өңдейтін тек 10 кәсіпорын бар. Сондықтан жеңіл өнеркәсіпті дамыту үшін елімізге нақты қадамдар қажет болып тұр.

Авторлары: Мерей Бает, Бақытжан Бапаев, Елдар Байділдә.