Есік көліндегі бөгет мемлекетке қайтарылды

Алматы облысы Есік көліндегі бөгет қайтадан коммуналдық меншікке өтті.

Өңірлік қаржы басқармасы нысанды 2019 жылы 8 сәуірде 49 жылға сенімгерлік басқаруға берген еді.

Құны 1 млрд 52 млн теңгеге бағаланған бұл бөгетті «ҚазЭлектроЭнергия» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жалға алған болатын. Олар келісімшартта көрсетілген міндеттемелерін дұрыс атқармағандықтан, ведомствоаралық комиссия құрылып, нысанды облыстың коммуналдық меншігіне қайтару туралы шешім қабылданды. Өйткені жалға алушы тарап тиісті мекемелерге атқарған жұмыстары туралы уақтылы есеп бермеген.

Сонымен қатар көлді тазарту, жаңа жұмыс орындарын ашу туралы міндеттемелерін де дұрыс орындамаған.

Жанна Арынбекова, Алматы облысы әкімінің баспасөз хатшысы:

- Әлеуметтік желіде Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев Есік көліндегі бөгетті жалға бергені туралы жалған ақпарат тарады. Алайда қаңтарда ол нысан мемлекетке қайтарылған болатын. 2023 жылы оны жалға алған компания өз міндеттемелерін дұрыс орындамағаны белгілі болды. Осы себептен нысан қазір мемлекетке қайтарылды.