Тимур Сүлейменов: Несие алу қиындайды
Елімізде несие алу қиындайды.
Банктер мен микроқаржы ұйымдары үшін азаматтарға несие беру талаптары қатаңдатылады. Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов «Хабар» телеарнасындағы «Национальный интерес» бағдарламасына берген сұхбатында: «елімізде борышкерлер жайында тұтас ақпараттық жүйе құрылатын болады», – деді.
Естеріңізде болса, бұған дейін заңға енгізілген бірқатар түзетуді Мәжіліс депутаттары мақұлдаған еді. Енді 90 күн бойы қарызын өтемей жүрген азаматтарға несие берілмейді. Ал өтелмеген несие бойынша өсімпұл салуға тыйым салынады.
Тимур Сүлейменов, Қазақстан Республикасы Ұлттық банкінің төрағасы:
- Қарыз алушының жеке сәйкестендіру нөмірі арқылы оның барлық несиелері туралы ақпарат жиналады. Яғни, ипотекасы, автокөлік алған несиесі, тұтынушылық несие мен ақшалай қарыздары туралы барлық мәлімет өңделеді. Осы ретте тұтас ақпараттық жүйе құрылады. Осы арқылы біз азаматтарымыздың сансыз несие алып, қарызға белшесінен батуына жол бермейміз.