Үкімет көкөніс бағасының өсуіне жол бермеуге мүдделі
Үкімет маусымаралық кезеңде көкөніс бағасының өсуіне жол бермеуге мүдделі.
Бұл үшін Өзбекстан және Тәжікстан жеткізушілерімен тікелей байланыс орнатылады. Бүгінде сауда және интеграция министрлігіне бағынатын "QazTrade" ұйымы серіктестермен тиісті шарттарға қол қойды. Өнімдер елімізге "жасыл дәліз" арқылы және делдалдар мен алыпсатарларсыз тиімді бағамен келеді. Сондай-ақ 9 әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациямен де жалпы көлемі 4 мың тонна болатын импорттық көкөністерді жеткізу бойынша шарт жасалды. Бұл туралы Премьер-Министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен кеңесте айтылды. Жыл басынан бері тауарлық үстеме бағаны асырған 732 факті анықталып, мыңнан аса әкімшілік іс қозғалған. Премьер-Министр өз сөзінде келісімшарттарды уақтылы бекітуді және өнімнің үздіксіз жеткізілуін қамтамасыз етуді тапсырды.
Арман Шаққалиев, ҚР Сауда және интеграция министрі:
- Әкімдіктер кем дегенде 18 600 тонна картоп, 7200 тонна және 5000 тонна пияз алуға келісімшартқа қол қою керек. Жиын барысында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бойынша делдалдардың тізбегін анықтау нәтижелерін бөлек қарадық. Бұл орайда бақылау фискалдық және құқық қорғау органдарын тарту арқылы өңірлік комиссиялардың қызметі күшейтілді.