Вашингтонда алғашқы қазақ-американ бизнес форумы өтті

АҚШ астанасы Вашингтонда алғашқы қазақ-американ бизнес форумы өтті.

Оған жақында құрылған, қазақстандық мәдени-іскерлік коммерциялық емес қауымдастық ұйытқы болған. Бұл ұйым бірнеше бағыт бойынша жұмыс атқарады. Бизнес әріптестікті дамытуға да ерекше көңіл бөлінбек.

Бизнес форум “Көкжиектерді кеңейту. АҚШ-Қазақстан экономикалық ынтымақтастығының болашағы” деген атаумен Дүниежүзілік банк ғимаратында өтті. Оған Қазақстаннан отызға жуық кәсіпкер арнайы қатысып, халықаралық қаржылық құрылымның өкілдерімен жүзбе жүз сөйлесіп, өздерін мазалаған сұрақтарын қойып, тиісті мамандардан жауабын алды.

Дархан Бекбауов, кәсіпкер:

- Бізде банктен ақша алғанда өте жоғары пайызбен аламыз. Бізге жоғары пайыздан көрі тура келсек қанша пайызбен көмектеседі деп ойлағанбыз. Енді біз расын айтсақ инвестиция сұрап келдік. Ия біздің өзіміздің қаражатымыз бар, өзіміздің істеп жатқан бизнесіміз бар. Бірақ соны кеңейтсек үлкейтсек деген ойымыз.

АҚШ-қа бірнеше күнге келген кәсіпкерлер мемлекеттік департамент, сауда палатасы және басқа мүдделі институттардың өкілдерімен кездесті. Бес іскер әйел құрған Солтүстік Америкадағы қазақстандық мәдени-іскерлік қауымдастық отандық бизнесті маңызды ұйымдармен табыстырып, алтын көпір болуды мақсат еткен.

Гүлнар Фебрес, қауымдастық құрылтайшысы:

- Бизнес саласында бұл іс-шарамен шектеліп қалмаймыз. Екі ел кәсіпкерлерін табыстыратын мұндай бизнес форумдарды алты ай сайын өткізіп тұрамыз. Мәселен, қазан айында әлемге танымал ірі бизнес өкілдері келеді деп ойлап отырмыз. Яғни ынтымақтастық ауқымы ұлғая береді.

Дүниежүзілік банкте өткен бизнес шара В5+1 аясында наурызда Алматыда өткен форумнан кейін жалғасын тауып отыр. Мұнда негізгі секторлардағы экономикалық байланыспен бірге, ынтымақтастықтың жаңа бағыттары, креативті индустрия, адам капиталы мен әйелдер құқығын қорғау сөз етілді. 

Айжан Сыдықова