Түрікменстаннан келетін турист саны артты
Туризм әлемдегі табысты салалардың біріне айналды.
Кейінгі 30-40 жылда туризмнің арқасында экономикасын аяққа тұрғызған елдерді ойланбастан тізіп шығуға болады. Мәселен, Түркия, Біріккен Араб Әмірліктері, Таиланд сынды елдер бірден ойыңа келеді. Бүгінде жаһандық жалпы өнімдегі туризм үлесі 9 пайызға жетті. Әлемдегі жұмыс орындарының 10 пайызын туризм беріп отыр.
Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев туризмді дамыту жөніндегі кеңесте айтқан еді. Мемлекет басшысы біздің елде де туризмнің барлық түрін дамытуға әлеует жеткілікті екеніне тоқталды. Экологиялық туризмнен бастап, бизнес туризмін де өркендетуге мүмкіндік барына сенім білдірді. Алайда елде осы уақытқа дейін туризмге лайықты назар аудармай келген атқамінерлердің жұмысын сынға алды.
ЦИТАТА
Экономиканың маңызды саласы саналатын туризм әзірге тиімді болмай тұр. Бұл Үкімет пен әкімдіктердің жіберген кемшілігі. Соңғы төрт жылда экономика құрылымындағы туризмнің үлесі 3,7 пайыздан 3,2 пайызға дейін азайып кетті. Бұл әлемдегі орташа көрсеткіштен үш есе төмен. Бұған қоса аталған көрсеткіш бойынша біз климаты мен мәдениеті ұқсас көрші елдерге де есе жіберіп отырмыз. Туризм саласы қарқынды түрде даму үшін шұғыл әрі жүйелі шаралар қабылдау қажет екені анық.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті
Елде үш аймақты дамытуға көңіл бөлінеді
Президент негізгі үш аймаққа назар аударуды тапсырды. Яғни, Үкімет Алматы тау кластері, Маңғыстау жағажай туризмі және Бурабай курорттық аймағын дамытуға күш салуға тиіс. Бұл аймақтар ертеден саяхатшылардың сүйікті орындарына айналған.
Жалпы биыл қаңтар-наурыз аралығында Қазақстанның курортты аймақтарында 766 588 адам демалған. Бұл тізімде осы Алматы тау кластері көш бастап тұр. 500 мыңнан астам адам демалысын Алатау бөктерінде өткізуді жөн көрген. Әрине олардың қыс мезгілінде тау-шаңғы базаларына барғаны белгілі. Бұдан кейін 70 мың адамды қабылдаған Бурабай, 60 мыңға жуық адам барған Маңғыстау тұр. Сондай-ақ үздік бестікке тарихи нысандарымен танымал Түркістан мен тұмса табиғатымен таңдай қақтырған Алтай еніп отыр. Қазір аймақтарды дамыту бойынша кешенді жоспар жасалып жатыр.
Әлішер Тұрсын, «Қазақтуризм» компаниясының ресми өкілі:
- Жоспарлау жұмыстарының ішінде туристік-инфрақұрылымдық қажеттіліктер, жалпы облыстардың тұрақты, қауіпсіз дамуы, яғни туристердің жолдары, туристер үшін қауіпсіздік мәселелері. Одан кейін, бұл жалпы жоспардың өзі 2029 жылға дейін жоспарланып отырған дүние. Сондықтан осы уақытқа дейін бүкіл осы үш аймаққа туристік тұрғыдан қандай жұмыстар жүргізу керек болатын болса, дәл соның бәрі сол жоспардың ішінде көрініс табатын болады.
Курортты аймақтарға барған туристер саны
/қаңтар-наурыз, 2024 жыл/
- Алматы тау кластері – 551 965
- Щучье-Бурабай курортты аймағы – 69 103
- Маңғыстау курортты аймағы – 57 529
- Түркістан туристік аймағы – 26 069
- Алтай курортты аймағы – 20 696
Елге келген шетелдік туристер саны екі есе өсті
Кейінгі жылдары шетелдік туристер саны ұлғайып келеді. Былтыр екі есе өскен. Өткен жылы елге 9 млн астам шетелдік азамат келді. Ал 2022 жылы 4 млн 700 мың адам қонақ болған. Ішкі туристер 10 млн-ға жуықтады. Бұл жерде де шетел аспай, елдің көрікті жерлерін аралаған саяхатшылар саны 1 млн көбейіп отыр. Соның арқасында қонақүйлер 229 млрд теңге табыс тапты.
Әлішер Тұрсын, "Қазақтуризм" ҰК ресми өкілі:
- Негізгі тенденция бойынша әлемдік трендтерді қараған кезде Қазақстанға әсіресе салыстырмалы түрде салқын аймақтарда орналасқан туристік дестинацияларға жыл сайын арта береді. Тіпті, Қазақстан бұл жағынан үлкен бір оң жағынан келіп отыр деуге болады. Өйткені юіздің қоңыржай ауа климаты Парсы шығанағы елдерінде, араб елдеріндегі ыстықтың кезінде олардың өздері де бір салқындау жерге барғанды қалайды. Сондықтан салқын жерге, дестинацияларға деген сұраныс арта беретін болады.
шетелдік туристер – 9,2 млн
ішкі туристер – 9,6 млн
қонақүйлер табысы – ₸229 млрд
Түрікменстаннан келетін туристер көбейді
Әрине шетелден турист тартқан бізге жақсы. Қонақ құр қол келмейді. Бар ақшасын тастап кетеді. Шетелдіктер қызығатын дүние Қазақстанда баршылық. Асқар тау, ну орман, айнадай көл көрген адам назарын жіпсіз байлайтыны рас. Соның арқасында экологиялық туризмді қарыштатып дамытуға жол ашылып отыр. Кейінгі кезде көпшілікке таңсық көрінетін елдердің туристері көбейіп келеді. Мәселен, былтыр Түркіменстаннан келген туристер саны 4 есе өсті. 20 мыңға жуық түркімен бауырымыз қазақтың қонақжай пейілін танып қайтқан. Бұл сан өсе беретіні анық. Себебі екі елдің жауапты органдары бірлесе жұмыс істеуге келісті. Ал Қытайдан 367 мың адам қыдырып келді. Біздің жақтан 311 мың адам сапарлаған. Бұл 2022 жылмен салыстырғанда екі есе көп. Қазір екі ел арасындағы әуе рейстерінің саны аптасына 44 рейске жетіп отыр.