Қазақ-өзбек сарапшыларының кеңесі өтті

Астанада Қазақстан мен Өзбекстан сарапшыларының кеңесі өтті, деп хабарлайды 24KZ.

Отырыста қос елдің көпжақты байланыстары бағамдалып, серіктестікті ұлғайту жолдары талқыланды. Сарапшылардың сөзінше, Қазақстан мен Өзбекстанға Орталық Азиядағы барлық сауданың 57%-і тиесілі. Қазірдің өзінде екі елдің тауар айналымы 4 млрд доллардан асқан,  болашақта оны 10 млрд долларға дейін жеткізу міндеті бар. Серіктестікке серпін беру үшін екі елдің стратегиялық институттары ғылыми, сараптамалық сүйемелдеу жұмыстарын іске асырады. Қазақстан мен Өзбекстанның жетекші сарапшылары ынтымақтастықты одан әрі дамытуға қатысты талдау жұмыстарын әзірлейді.

Айдар Құрмашев, ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ Азиялық зерттеулер бөлімінің басшысы:

- Қаралатын ең маңызды мәселе көліктік дәліздер, су мәселесі, климаттық мәселелер және саяси саладағы байланыстар болып табылады. Ең басты мәселе – транспорттық хабты орнату мәселесі. Сол үшін бізде әр мемлекеттің мүдделерін бір-бірімен тоғыстырып, өзара тиімді ету болып отыр.

Эльдор Арипов, Өзбекстан Республикасының президенті жанындағы Стратегиялық және өңіраралық зерттеулер институтының директоры:

- Қос ел арасындағы сауда-саттық көрсеткіші жылма-жыл өсіп келеді. Айталық, 2017 жылы сыртқы сауда айналымы 2 млрд доллар төңірегінде болса, қазір ол екі есеге өсті. Бұл – Өзбекстанның Орталық Азия елдері ішіндегі ең жоғары сауда-саттық көрсеткіші. Біз одақтастығымыздың барлық әлеуетін толық пайдалануымыз керек. Сарапшылар қауымы осы бағытта жұмыс істейтін болады.