Солтүстікте «Ауыл аманаты» бойынша 236 жоба іске қосылды
Солтүстік Қазақстан облысында былтыр «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша 236 жоба іске қосылды.
Бұл мақсатқа республикалық бюджеттен 1,8 млрд. теңге бөлінді. Мемлекеттің төмен пайызды қаржылай қолдауы елді мекендердегі бизнес бастамаларды жүзеге асырып қана қоймай, тұрақты жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік берді.
Айман Байділдаева «Ауыл аманаты» бойынша 5,5 млн. теңге несие алып, Бескөл ауылында алғашқы болып өзіне – өзі қызмет көрсететін көлік жуу орталығын ашты. Кәсіпкердің айтуынша, бағдарламаның шарттары өте тиімді. Қаржы небәрі 2,5 пайызбен беріледі.
Айман Байділдаева, кәсіпкер:
- Қазіргі уақытта автокөлік жуу орталығы жұмыс істеуде. Жергілікті тұрғындар риза. Әрине біз де өте ризамыз. Осындай Үкімет 2,5 пайызбен біздерге кәсіпкерлерге сондай мүмкіндік беріп жатқаны тиімді.
Көлік жуу орталығының жанында автомобильдердің қосалқы бөлшектерін сату дүкені мен дөңгелек ауыстыру қызметі бар. Енді кәсіпкер жолдың бойындағы бизнесін одан әрі дамытып, дәмхана салуды жоспарлап отыр. Бұл облыстағы «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша жүзеге асқан жалғыз жоба емес.
Талғат Жұмабеков, әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының бөлім басшысы:
- Өткен жылы «Ауыл аманатымен» 236 жоба қаржыландырылды. Ол мал шаруашылығы, қызмет көрсету саласы, жүк тасымалы мен басқа да бизнес түрлері. Қарыз сомасы 5 және 7 жылға дейін беріледі.
Халықтың әл-ауқатын көтеруге арналған жобалалар ауылды жерлерде жаңа жұмыс орындарын ашуға да сеп болды. Мысалы, өткен жылы өңірде бағдарламаның арқасында 300-ге жуық адам еңбекпен қамтылды.
Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Қуаныш Қазбеков