Оралда сұйытылған газ тапшылығын жою қарастырылды

Оралда сұйытылған газ тапшылығын жою үшін қосымша көлемде газ бөлу қарастырылып жатыр.

Жергілікті билік Энергетика министрлігіне осындай сұраныс жіберген. Өйткені Атырау мұнай өңдеу зауыты 25-ші қазанға дейін жөндеуге жабылғандықтан, өңірді газбен толықтай қамту мүмкін болмай отыр. Естеріңізге сала кетейік, 15 күн бұрын облыс әкімдігі жергілікті зауыттың өніміне толық көшіп, қазаннан бастап газ тапшылығын жоямыз деген еді. Алайда қазір газ құю бекеттерінде кезек сейілер емес. Рожков кенішіндегі зауыт күніне 220 тонна сұйытылған газ шығаратынын айтып кету керек. Оның 120 тоннасы жергілікті тұтынушыларға қалса, 100 тоннасын көрші Атырауға жөнелтіп жатыр. Ал Батыс Қазақстан облысына тәулігіне 150-170 тонна пропан қажет.

Мирас Мүлкай, БҚО энергетика және ТҮКШ басқармасының басшысы:

- 25-іне дейін бізде осындай жағдай туындауы мүмкін. Қосымша көлем туралы қазіргі таңда шешілетін болады. Сәйкесінше айналысамыз. Барлық Атырау МӨЗ баратын субьектілер қазір Шымкентке барып жатыр. Сәйкесінше логистикалық қиындықтар туындауда. Соны болдырмауда осы жұмадан бастап, Конденсат зауыты бар ғой, содан Батыс Қазақстан облысы нарығына кем дегенде 5 мың тонна жанармай жіберуге келістік.