Жетісу облысындағы қант зауыты қызылша қабылдауды тоқтатты

Жетісу облысы Көксу ауданындағы зауыт қант қызылшасын қабылдауды 10 күнге тоқтатты.

Кәсіпорын директоры Алтынбек Абатовтың айтуынша, көкөністің тамыр жемісін сақтау алаңында әзірге бос орын жоқ. Бірақ қазір зауыт қалыпты режимде жұмыс істейді. Тәулігіне 2 мың тонна шикізатты қайта өңдеуге қауқарлы. Осыған байланысты Ақсу ауданында орналасқан тағы бір кәсіпорын Ескелді, Көксу, Қаратал және Кербұлақ аудандарынан көкөніс қабылдауын бастады. Бүгінде 33 шаруа қожалығы зауытқа 13 мың тонна шикізат өткізді.

Қалибек Алпысбаев, шаруа қожалығының басшысы:

- Қазіргі таңда біз Ақсу зауытына тасып жатырмыз. Тасыған жол шығынына әр келісіне 5 тг Ақсу зауыты төлеп беріп жатыр.

Нұрдәулет Кененбаев, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы:

- Мемлекеттік субсидия 13 млрд тг қарастырылған. Бүгінгі күні 46 өтінім түсті. Оның 36 өтініміне бүгіннен бастап, 1 млрдтан астам ақша шаруалардың есеп-шоттарына аударылады.