Қант қызылшасы екі зауытта өңделетін болады

Тараздағы қант зауыты келер жылдан бастап тәтті түбір қабылдай бастайды.

Бұл жайында аймақтағы ауыл шаруашылығы басқармасының мамандары мәлімдеді. Зауыт бұған дейін тек қант құрағын өңдеп келген. Бірақ биыл өңірде қызылша еккен диқандар рекордтық көрсеткішке қол жеткізді. Алқап ауқымы 11 мың гектардан асып, өнім 640 мың тоннаға жетті. Сондықтан мұндай көлемді Меркідегі зауыт өңдеп үлгере алмай жатыр. Қазір қант зауыты алдындағы кептеліс 3 шақырымға жеткен. Кәсіпорын бір жарым айда 171 мың тонна тәтті түбір қабылдаған. Жауаптылар күн күрт суытса, қызылшаны Қырғызстанға жібермек. Ал агро-салаға жауапты мамандар келер жылы бұл қателікті қайталамас үшін Тараз қант зауытымен келісімге келген.

Әбдірасыл Желеубаев, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары:

- Оны толықтай модернизациялау керек. Қант құрағынан қант қызылшасына модернизациялау үшін бір жылдай уақыт кетеді. Қазір қант зауытының басшылығы жобалық-сметалық құжаттамасын әзірлеп, жылдың соңына қарай модернизациялауға кіріседі.