Атырауда «Halyk Bank» жаңа филиал ғимаратының құрылысын бастады

Атырауда «Halyk Bank» акционерлік қоғамы жаңа филиал ғимаратының құрылысын бастады.

Капсула салу салтанатты шарасына банктің басқарма төрағасы мен қала басшылығы арнайы келді. Еліміздің қаржы нарығында елеулі орыны бар «Halyk Bank» бизнестің жауапкершілігін жақсы сезінеді. Биыл көктемгі тасқын кезінде аталған банк Атырау облысына «Халық» қайырымдылық қоры арқылы 31,4 млрд теңге бөлген болатын. Нәтижесінде Құлсары қаласының тұрғындары баспаналы болды.

«Halyk Bank» еліміздің қаржы секторындағы көшбасшылардың бірі. Бүгінде Қазақстан бойынша қызмет көрсететін 25 филиалы жұмыс істеп тұр. Енді Атырауда тағы бір нысанның құрылысы басталды. Салтанатты рәсімге Атырау қаласының әкімі Шәкір Кейкин қатынасты. Аумағы 9 мың шаршы метрді алатын 5 қабатты ғимаратта қаржы институты ұсынатын қызметтің барлығы қарастырылған, дейді банктің жергілікті басшылығы. 

Жанна Майкопова, "Halyk Bank" АҚ Атырау филиалының директоры:

- Бұл ғимаратта банк қана емес, еншілес компаниялар да орналасады. Атап айтқанда, адам өмір мен мүлікті сақтандыру компаниялары мен кеңес беру орталығы секілді тұтынушыға қызмет көрсететін бөлімдер орналасады. Кез келген адам осы ғимарат ішінен қажетті қызмет түрлерін кідіріссіз, бір жерден ала алады. Бұл өте тиімді болады деп ойлаймыз.

Бизнестің жауапкершілігін жете сезінетін «Halyk Bank» акционерлік қоғамы ел экономикасының дамуына зор үлес қосып келеді. Соңғы 4 жылда елімізде ұйымдастырлған түрлі қайырымдылық шараларына аталған қаржы институты 128 млрд теңге қаражат бөлген. 

Үміт Шаяхметова, "Halyk Bank" АҚ Басқарма төрағасы:

- Оның ішінде «Қазақстан халқына» қоры, кешегі тасқын судан зардап шеккен өңірлерге көмек және пандемия кезіндегі қиындықтарды жоюға өз үлесімізді қостық. Сондай-ақ Маңғыстаудағы атом электр комбинатын қалпына келтіруге арналған жобаны қаржыландырдық.

Бүгінде ірі компаниялар мен орта және шағын бизнес нысандарына берілетін барлық несие түрлерінің 50 пайызы «Halyk Bankке» тиесілі. Ал Атырау облысындағы қаржы құрылымының 65 пайызын осы банк қамтиды. Сондай-ақ, көктемгі тасқыннан зардап шеккен Құлсары қаласының тұрғындарына «Халық» қайырымдылық қоры арқылы 31,4 млрд теңге бөлді.

Арыстанбек Кенже, Амантай Мәтенов, Жандос Рахметуллин