Алдағы бес жылда сирек металл өндіретін 5 зауыт ашылады

Еуроодақтың маңызды минералдар тізіміндегі 34 элементтің 19-ы біздің елде өндіріледі, деп хабарлайды 24kz.

Бұл металдар аэроғарыш, электроника салалары, басқа да жоғары технологиялық жабдықтар өндірісінде кеңінен қолданылады. Сол себепті нарықта сұраныс жоғары әрі бұл қажеттілік жыл сайын артып келеді.

Үкімет, әсіресе, сирек металдарды өндіріп, өңдеу қарқынын күшейтпек.

Нұрқанат Қанапия, тілші:

- Өркениет алға қадам басқан сайын сирек металдарға сұраныс күн санап өсіп отыр. Соған сай бағасы да қымбаттап келеді.

Сарапшылардың болжамы бойынша 2-3 жылда литийге сұраныс екі есе артады. Литий электр батареяларын жасауда қолданылады. Ал батареялар үшін қажет тағы бір элемент – кобальттың құны 70%-ке қымбаттауы мүмкін. Қазақстан бұл металдарға бай. Ендігі міндеті – осы барды ұқсату.

Президент былтырғы Жолдауында қол қусырып қарап отыратын уақыт өткенін қадап айтты. 2026 жылға қарай 2 млн шаршы шақырымнан астам аумақты барлауды және өндіріс қарқынын арттыруды тапсырды. Тапсырманың орындалу барысы Үкіметте қаралды. Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің мәліметіне сүйенсек, қазір елде бериллий, скандий өндіретін әлемдегі толық циклді үш зауыттың бірі жұмыс істеп тұр. Тантал мен ниобий өндіретін жаһандағы алып төрт өндірістің бірі бізде орналасқан. Сонымен қатар жақында Алматы облысында вольфрамды қайта өңдейтін алғашқы зауыт ашылды. Бұл зауыт құрамындағы вольфрам үлесі 65%-ке жететін концентрат шығарады.

Қанат Шарлапаев, ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрі:

- Еліміздің металлургия зауыттарында висмут, селен және теллурид өндіріледі. Алюминий тотығынан галлий, полиметалл шикізатынан индий алу технологиясы бар. 1 қарашада Алматы облысындағы Бұғыты кен орнында вольфрам концентраты өндірісі іске қосылды. Бұл – отандық тау-кен өндірісі үшін тарихи оқиға. Ол еліміздің әлемдік сирек металдар нарығындағы позициясын нығайтады. Зауыт өндірістік қуатына шыққанда 3,3 млн тонна кенді қайта өңдейді. Жобаға 350 млн АҚШ доллары көлемінде инвестиция тартылды. Мыңға жуық адам жұмыс істейтін болады.

 

Бес жылда сирек металл өндіретін бес зауыт ашылады

Сирек металдар қолдағы телефоннан бастап, сәт санап көбейіп келе жатқан электромобильдер өндірісіне ауадай қажет. Сондықтан отандық өндірушілер жеделдетіп жаңа өнімдерді өндіруге күш салып жатыр. Мәселен, батарея материалдарын, тұрақты магниттерді және ыстыққа төзімді қорытпаларды өндіру секторларын дамытуға назар аударылып отыр. Биылдан бастап елде марганец сульфаты моногидраты шығарылады. Яғни қазір әлемдік нарықтың 5%-і отандық өндірушілер иелігінде. Сонымен қатар Сарытоған кен орындарының бірінен графит концентратын өндіру жоспары бар. Бұдан бөлек, неміс компаниясымен бірлесіп литий кен орындарын игеру бойынша жобалар қолға алынды. Ал Оңтүстік Корея компаниясы Шығыс Қазақстан облысындағы литий қорын барлау жұмыстарын жүргізіп жатыр.

Тұрар Жолмағамбетов, ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі комитеті төрағасының орынбасары:

- Алдағы төрт-бес жыл ішінде литий катодын, никель және кобальт өндіретін бес зауыт ашылады. Қазіргі таңда оңтүстіккореялық компания елдегі литий қорын зерттеп жатыр. Осыдан кейін біз литий силикат минералын және литий катодын да өндіруді жоспарлап отырмыз. Сондай-ақ біз әлемдегі жоғары сапалы марганец катодының 5%-ін шығарамыз. Келесі жылы көптен күткен екі жоба арқылы бұл үлесті 11% немесе 12%-ке жеткізуді көздеп отырмыз.

 

Маңызды шикізаттар тізімі ұлғаяды

Қазақстан маңызды минералдар мен металдарды жеткізу бойынша жаһандық тізбектің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге дайын. Бұл туралы жақында АҚШ-тың Сауда миссиясымен кездескен Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев мәлімдеді. Министрдің айтуынша, біздің елде бұл үшін барлық қажетті алғышарттар бар. Яғни, минералдық шикізат базасы, инфрақұрылым және адами капитал жеткілікті. Қазақстандық өндірушілердің аса қажет шикізат тізімін ұлғайтуға мүмкіндігі зор екенін атап өтті министр.

Қанат Шарлапаев, ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрі:

- Қазақстан АҚШ-тың маңызды шикізаттар тізіміндегі 50 элементтің 21-ін  және Еуропалық Одақ тізіміндегі 34 элементтің 19-ын жеткізе алады. Кез келген ел маңызды шикізаттардың мұндай үлкен тізімін қамтамасыз ете алмайды. Олар көбіне маманданған бірнеше элементті ғана өндіреді. Ал Қазақстан осы элементтермен ғана шектелмейтінін атап өткім келеді. Елде басқа да пайдалы қазба кен орындары бар. Сондықтан келешекте маңызды шикізаттар тізімін ұлғайтуға мүмкіндік зор.

 

Елде жүзден астам сирек металл кен орны бар

Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі ұсынған ақпарат бойынша елде 100-ден астам сирек металл кен орны анықталды. Қазір 2 млн тоннадан астам вольфрам, 1 млн тонна молибден мен 227 мың тоннаға жуық литий барланды. Сондай-ақ жер қойнауында тантал, ниобий, бериллий сынды металдардың мол қоры бар.