Мәжіліс балық шаруашылығын дамытуға арналған заңды мақұлдады

Мәжілісте бүгін «Акваөсіру туралы» заң жобасын талқылап, бірінші оқылымда мақұлданды.

Құжат тұрғындардың балық өнімдерін тұтыну көлемін арттыруға, отандық балық өнімдерінің экспортын ұлғайтуға және импортты алмастыру көлемін арттыруға жәрдемдеседі. Себебі, депутаттардың айтуынша, бұл салада шешімін табуға тиіс мәселелер бар. Заң жобасында елде балық шаруашылығымен айналысатын жаңа субъектілер құру, жұмыс істеп тұрған кәсіпорындарды кеңейту, браконьерлікпен күрес, ғылыми зерттеулер жүргізу, салаға инвесторларды тарту тетіктері қарастырылған. Құжатты талқылау барысында балық шаруашылығын дамыту әлеуеті зор екендігі айтылды. Соған қарамастан былтыр елде 64 жарым мың тонна ғана балық өндірілді. Ал 2030 жылға дейін қойылған мақсат – 270 мың тоннаға жеткізу. Сол себепті балық шаруашылығын дамытуды құқықтық реттейтін тетіктерді заңмен бекіту мәселесі өзекті. Айта кетейік, ел аумағында 3 мыңнан астам табиғи және жасанды көл бар. 1416 кәсіпорын балық шаруашылығымен айналысады. Салада 12 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылған.

Аманғали Бердалин, ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің міндетін атқарушы /Астана/