«Ауыл аманаты»: ШҚО-да 75 жоба іріктелді

Шығыс Қазақстан облысындағы ең ірі металлургиялық кешен жұмысшыларына азық-түлікті жергілікті фермерлерден сатып алады, деп хабарлайды 24KZ. «Казцинк» кәсіпорны мен облыстық әкімдік өзара осындай меморандумға қол қойды. Вице-премьер Тамара Дүйсенова бұл келісімнің қос тарапқа тиімді екенін атап өтті. Сонымен қатар ауыл халқының табысын арттыруды көздейтін «Ауыл аманаты» жобасының жүзеге асу барысымен танысып, еңбек адамдарымен кездесті.

«Ауыл аманаты», аты айтып тұрғандай, ауылдың тыныс-тіршілігін дамытып, табысын арттыруға арналған бағдарлама. Оған қатысушыларға 2,5% үстемемен несие беріледі. Шығысқазақстандық ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер мұндай мүмкіндіктің игілігін көріп жатыр. Өңірде құны 1 миллиард теңге болатын 75 жоба мақұлданды. Тамара Дүйсенова ең үздік жобалар ұсынған көрмені тамашалады.

Алмас Сетербаевтың 700-ден астам ара ұясы бар. Бал өңдейтін цех та ашып қойған. 20 шақты адамды жұмыспен қамтып отыр. «Ауыл аманаты» тұралап тұрған ісіме қарқын берді», – дейді ол.

Алмас Сетербаев, омарташы:

- Бүгінгі күні 3 түрлі өнім шығарып жатқанбыз, енді алып жатқан кредит арқасында 7 түрлі өнім шығарып, қосымша 4 адам жұмысқа аламыз ба деп отырмыз.

Көрме «Алтай» көтерме-сауда орталығының ішінде өтті. Бұл да – тікелей   ауыл шаруашылығы саласын қолдауға арналған бастама. Ғимаратта 18 мың тонна өнімді сақтайтын 14 камера бар. Құрылысы аяқталып қалған кешеннің маңыздылығы айрықша. Жергілікті өндірушілер мен тұтынушылар сапа және баға жағынан да ұтылмас үшін бәрі қарастырылған.

Азамат Қалиев, көтерме-сауда орталығының директоры:

- Егістік алқабынан әкелінген өнімді осында әкеп сатуға болады. Ешқандай делдалсыз. Бұл, әрине, оның анағұрлым арзан болуына ықпал етеді.

«Ауыл аманаты» сан түрлі идеяға түрткі болды. Мысалы, Наталья Свахина жеңілдетілген несие алып, Глубокое ауданында экотуризмді дамытуға кіріскен. Орманды аумақтағы оймақтай жерге әр кіргізді. Келген туристер табиғат аясында демалып қана қоймай, ауыл дәмінен ауыз тиіп тамсанып қайтады.

Наталья Свахина, кәсіпкер:

- «Ауыл аманаты» – өз ісін ашқан біз сияқты кәсіпкерлер үшін үлкен демеу. Енді осы бағдарлама аясында берілетін қаржы көлемі ұлғайса, жақсы болар еді. Болашақта тағы да несие алып, бизнесімізді кеңейткіміз келеді.

Ауылдың түтіні түзу болса, қаланың да тірлігі жаман болмайды. Вице-премьер «Ауыл аманаты» жобасының орындалуына оң бағасын берді.

 

Өңірде отандық өнімнің үлесі артады

Жер емген шаруалар өз өнімдерін тиімді бағада әрі уақытылы өткізіп жатса, нәсібі артып, кәсібі дамиды дей беріңіз. Бұл тұрғыда ірі кәсіпорындардың қолдауы қажет. Премьер-министр орынбасарының өлкеге іссапары кезінде өндірістік мекеме мен әкімдік арасында маңызды меморандумға қол қойылды. Түсті металлургия көшбасшысы «Казцинк» компаниясы өз   жұмысшыларына қажетті азық-түлікті жергілікті фермелерден сатып алатын болды. Мұндай әдіс кәсіпорын тәжірибесінде бұрыннан бар. Дегенмен жаңа құжат сол жүйені одан әрі жетілдіреді.

Андрей Лазарев, жеке серіктестіктің басқарушы директоры:

- Біз осыған дейін де жергілікті өндірушілерден өнім алу үшін 800 миллионнан астам теңге бөлетінбіз. Асхана дастарқанында өзіміздің сүт, нан-тоқаш өнімдері мен көкөністер тұрады. Ал бүгінгі келісім осы міндеттің ауқымын тағы да кеңейте түседі. Яғни, өз өлкемізде өндірілген азық-түлік көлемін бұрынғыдан да көп мөлшерде тұтынамыз.

Тамара Дүйсенова, ҚР Премьер-министрінің орынбасары:

- Облыста «Ауыл аманаты» бағдарламасы өте жақсы жүріп жатыр. Ауылшаруашылық өнімдерін өндірушілер ғана емес, сонымен қатар туризмді дамыту мәселесі де өте жақсы жолға қойылған. Біз қазір біраз объектілерді көріп, оны мемлекет тарапынан қолдауға болады деп ойлаймын.

Тамара Дүйсенова әкімдермен кеңес өткізіп, Мемлекет басшысы қойған міндеттер жайлы айтты. Оларға ауыл тұрғындарының әл-ауқатын дамытуға арналған бағдарламалар мүмкіндігін ел-жұртқа түсіндіруді  тапсырды.

Авторлары: Эльмира Ахметова, Дмитрий Пыхтин.