Әлеуметтік маңызы бар жобаларға Ұлттық қордан қосымша қаражат бөлінеді

Ұлттық қордан алынатын трансферт көлемі 2 трлн теңгеге ұлғайып, 3,6 трлн теңгеге жетті. Бұл қаражат әлеуметтік маңызы бар жобаларға бағытталмақ. Атап айтқанда, өңірлік өсу деңгейін ұстап тұруға және стратегиялық маңызды инфрақұрылымдық жобаларды қаржыландыруға жұмсалмақ. Бұл жайында бүгін Мәжілістің «2024-2026 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заңға енгізілетін түзетулерді қабылдау барысында белгілі болды.

Жалпы республикалық бюджет кірістері 2024 жылға 14,1 трлн теңге болып нақтыланған. Бұл бастапқы жоспарланған мөлшерден 2 трлн теңгеге аз. Кірістің төмендеуі негізінен салық түсімдерінің азаюымен байланысты. Сол себепті Ұлттық қордан түсетін нысаналы трансферт те өсіп отыр.