Сенат ЕАЭО шеңберінде қоймалық куәліктерді беру туралы заңды мақұлдады
Сенат Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде ауыл шаруашылығы өніміне арналған қоймалық куәліктерді беру туралы заңды мақұлдады, деп хабарлайды 24kz.
Құжат қойма тауарларға куәліктер беру, оларды айналымға шығару және өтелуін реттейді. Өнімдерге қойылатын талаптарды айқындайды. Бұл заң ауыл шаруашылығы тауарларының электронды саудасын дамытуға ықпал етеді деп болжанып отыр.
Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:
- Келісім Еуразиялық экономикалық одақ аясында ауыл шаруашылығы өнімінің саудасын және осы саладағы электрондық сауданы дамытуды көздейді. Атап айтқанда, Еуразиялық экономикалық одақ аумағында ауыл шаруашылығы өнімдеріне арналған қойма куәліктерін пайдалану мен олардың айналымын реттеу үшін құқықтық негіз қалыптасады. Алдағы уақытта мақұлданған заң Экономикалық одаққа мүше елдер арасында ауыл шаруашылығы саласындағы ынтымақтастықты арттыруға оң септігін тигізеді деп сенеміз.