Италияда Қазақстанның инвестициялық мүмкіндіктері талқыланды

Еліміздің тау-кен өнеркәсібінің дамуы Италияның Флоренция қаласында талқыланды, деп хабарлайды 24kz.

Қазақстан Ғылым академиясының тұңғыш президенті, академик Қаныш Сәтбаевтың 125 жылдығына арналған форумды Қазақстанның Италиядағы елшілігі мен Тоскана геология қоры ұйымдастырды. Басқосуда қатысушыларға еліміздің бизнес климаты мен инвестициялық әлеуеті таныстырылды. Қазақстанның Италиядағы Елшісі Ерболат Сембаев ресми Рим қазақ елінің маңызды стратегиялық әріптесінің бірі екенін атап өтті. Еліміз шетелден қомақты инвестициялар тартып қана қоймай, бизнесті жүргізуге қолайлы жағдай жасап отырғанына мән берді. Италия тарапы өз кезегінде минералды ресурстарды игеруде Қазақстанмен әріптестігін кеңейтуге дайын екенін жеткізді.

Джулио Терци, Италия Парламенті Сенатының депутаты:

- 2009 жылы Қазақстан мен Италия стратегиялық әріптестік туралы келісімге қол қойды. Қазақстан географиялық тұрғыдан осы аймақтың орталығы. Қазір Орта дәлізді дамытудың экономикалық, саяси және экологиялық маңызы зор. Ол екіжақты сауда көлемін ұлғайтады. Инфрақұрылым жаңартылған соң оның көлемі 10 есе артып, 2030 жылға қарай ол арқылы тасымалданатын жүк 11 млн тоннаға жетуі мүмкін. Бұл біздің елдермен қатар Еуроодақ үшін де өте маңызды.

Марко Беретта, Қазақстан-Италия бизнес қауымдастығының басшысы:

- Біз қазан айында Миланда өткен форумнан кейін тағы біраз іс-шараларды әзірлеп, жүзеге асырдық. Биыл Қазақстан мен Италия арасындағы экономикалық ынтымақтастық кеңейе түсті. Ол тек мұнай-газ секторымен ғана шектеліп отырған жоқ. Туризм, энергия өндіру және жаңартылатын қуат көздерін дамыту сияқты көп салада серіктестік орнатылған.