Бішкекте қазақ-қырғыз бизнес форумы өтті

Бішкекте Қырғызстан мен Қазақстан үкіметаралық кеңесінің қарсаңында кезекті бизнес-форум өтті, деп хабарлайды 24kz.

Бізден бұл жолы көрші елге 70 компанияның өкілі барды. Арасында мұнай өңдеу, машина жасау, химия өнеркәсібі, фармацевтика, құрылыс материалдары, азық-түлік саласында еңбек ететін кәсіпкерлер бар. IТ индустрия мен қаржы секторының өкілдері де өз өнімдерін таныстырды. Нәтижесінде форумның алғашқы күнінде ынтымақтастық туралы 4 құжатқа қол қойылды. Солардың ішінде «KazakhExport» экспорттық сақтандыру компаниясы, Қырғызстанның мемлекеттік сақтандыру ұйымы мен жергілікті коммерциялық банктердің арасында жасалған келісім де бар. Былтыр дәл осындай бизнес-форум аясында жалпы сомасы 35 млн долларға келісімшарттарға қол қойылған еді. Ал бұл жолғы келіссөздердің нәтижесі 4 желтоқсанда белгілі болады.

Қайрат Төребаев, ҚР Сауда және интеграция вице-министрі:

- Іс-шара бизнес арасындағы диалогты жалғастырып, жаңа жобаларды іске қосуды, сондай-ақ экспорт пен импортқа қатысты жаңа келісімшарттарды құруды көздейді. Қазір екі ел арасындағы тауар айналымы қарқынды дамып келеді, былтыр көрсеткіш 1 млрд 200 млн доллардан асып кетті.