Қызылорда облысы мен Италия арасындағы байланыс артып келеді

Қызылорда облысында 2 миллионнан астам мал басы бар, деп хабарлайды 24KZ. Дегенмен жүн мен теріні пайдаға асыру жағы кенже қалып отыр. Былтыр өңірде 848 тонна жүн, 215 мың дана тері өндірілді. Бұл көлемді одан әрі арттыруға мүмкіндік мол. Ол үшін жаңа технологияны кеңінен енгізу керек. Қызылорда облысының әкімі Италаияға сапарында Сыр өңірінің инвестициялық мүмкіндіктерін таныстырды. Бірқатар компания басшыларымен кездесіп, жаңа жобаларды жүзеге асыру тетіктерін талқылады. 

Италияның Флоренция қаласы тері өңдеу өндірісімен әлемге әйгілі. Мұнда былғары шығаратын 600-ге жуық кәсіпорын бар. Олардың 35%-і аяқкиім өндіреді. Төрт түлікті тең өргізіп отырған Қызылорда облысының шаруалары осы фабрикаларға шикізат экспорттауға ниетті. Сонымен қатар бұл саладағы жаңа технологияны Сыр өңіріне енгізу жоспары бар. Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев бастаған делегация италиялық компания басшыларымен осы бағытта келіссөз жүргізді. 

Ардақ Зебешов, Қызылорда облысы әкімінің орынбасары:

- Осы тері өңдеу саласының өзінде осы Флоренция өңірі бүкіл әлемнің 10%-ін осы жерде өндіріледі. Тек қана шетелдік инвестиция емес, оған қоса жаңа технология, жаңа жұмыс орнын ашу.

Қызылорда облысындағы мал басы екі миллионнан асып барады. «Мұнан бөлек, тау-кен, агроиндустрия саласы бойынша да шетелдік инвесторлармен әріптестік құруға мүмкіндік мол», – дейді мамандар.

Мұрат Сәрсенбаев, шаруа қожалық төрағасы:

- Негізі Президентіміздің Жолдауларында айтылғандай, қазір тұтынушы мемлекет емес, өндіруші мемлекет болайық деген мәселемен қазіргі уақытта 70-80% өнімімізді сыртқа, экспортқа шығару үшін осы бағытта, осы жұмыстармен келдік.  

Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу, құрылыс материалдары, мұнай өндіру, машина жасау салаларындағы компания басшыларымен кездесті. Кездесу барасында жаңа жобаларды жүзеге асыру үшін мемлекет тарапынан инвесторларға жасалатын түрлі қолдаулар тетігі кеңінен талқыланды.

Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Айтмұхамбет Байділдаев.