KAZENERGY Дүниежүзілік мұнай конгресін өткізуге дайындалып жатыр
Kazenergy 2028 жылы Қазақстанда Дүниежүзілік мұнай конгресін өткізуге дайындалып жатыр. Бұл туралы бүгін Астанада өткен қауымдастықтың 41-ші отырысында мәлім болды.
Сонымен қатар жиында кеңес мүшелері биылғы атқарылған жұмыстарды қорытындылап, негізгі жетістіктерді, құрылымдық өзгерістерді және алдағы жылға арналған жоспарларды талқылады. Әсіресе Мемлекет басшысының Жолдауында белгіленген мұнай-газ және электр энергетикасы секторларын дамытуға бағытталған міндеттерге басты назар аударылды. Қауымдастық 2025 жылы инвестиция көлемін арттыру үшін нормативтік-құқықтық базаны жетілдіру мен көмірқышқыл шығындарын азайту үшін салада экологиялық бастамаларды іске асыруға атсалыспақ. Сонымен қатар бірнеше халықаралық шара өткізу де жоспарланған.
Жандос Нұрмағанбетов, KAZENERGY бас директоры:
- 2028 жылы Дүниежүзілік мұнай кеңесі өткізіледі. Үлкен шара. Мемлекет басшылары, мұнай-газ саласындағы халықаралық компаниялардың басшылары келеді. Оның бәрі Астанаға келіп жиналыс өткізеді. Яғни, KAZENERGY халықаралық аренада Қазақстанның мәртебесін биік ұстап жүреді.