Түркістан облысында тас жолдың бойында сауда қызып тұр

Түркістан облысында шағын ауылдың тұрғындары сүт өнімдерін сатып, табыс тауып отыр.

Халықаралық тасжол бойындағы Жіңішке елдімекенінің еңбек адамдары ұлттық тағамдардың мәзірін дайындап, тамақтану орындарын ашқан.

Шымкент - Ташкент трассасында қатынайтын жолаушылар үшін Жіңішке  ауылы жақсы таныс. Көлік қозғалысы көп жол бойында ұлттық асты дәмді дайындаудың сыры сақталып, сүт өнімдерінің саудасы қызған. Ірімшік пен сары май, қаймақ пен сүзбе, қымыз бен қымыран ыстық бауырсақпен ұсынылып, қызмет көрсету деңгейі де өсті. 

Баян Қадырова, Жіңішке ауылының тұрғыны:

- Қонақтар өтеді мына жерден, туристер келеді. Сол үшін біз де әдемі болып отыруды қалаймыз. Бізге де келген қонақтар рақмет айтып риза болып кетсін деп қолымыздан келгенше жағдай жасап отырмыз. Қымыз-көжемізге ешқандай жалоб болған емес. Алғысын айтып құйып алып кететіндер де бар.

Ауылдағы әрбір екінші үйдің тұрғыны бие байлап, сиыр сауады. Мал шаруашылығымен айналысатындар сүтті өңдеу технологиясын ұрпақтан-ұрпаққа үйретеді. Осылайша еңбектің ебін, кәсіптің көзін тапқан қонақжай жұрттың ырыс-несібесі де артты. 

Қамаш Мошқалов, Жіңішке ауылының тұрғыны:

- Осы кәсібіміздің арқасында үй салып жатырмыз. Балаларды оқытып жатырмыз. Қаладан үй алып жатырмыз. Әйтеуір, еңбек етсең бәрі болады екен ғой. Жата берсең ешнәрсе болмайды.

Қазір жол бойындағы жиырмадан астам сауда орнының қасбеті толық жаңғыртылған. Жолаушылардың сұранысына сәйкес дәмханалар да ашылып, қызмет көрсету аясы кеңейді. Осының арқасында ауыл халқының жұмыспен қамтылу көрсеткіші жақсарды,-дейді жергілікті билік өкілдері. Кәсіпкерлерге мемлекеттік бағдарламаларды тиімді пайдалану ұсынылды. 

Тәңірберген Ақберген, Сарапхана ауылдық округі әкімінің орынбасары:

- Кәсіпкерлерімізге осыдан 2 жылдай бұрын бір келкі үлгіде заман талабына сай салу ұсынылып, проекттер берілген. Қазір енді барлығы өздеріңіз көргендей сол талапқа сай қайтадан көркейіп, қайтадан салынып жатыр. Әкімшілік тарапынан «Ауыл аманаты» деген 2,5 пайызбен берілетін несие беру жоспарланып отыр.

Халықаралық автодәлізде тәулігіне мыңдаған жолаушы қатынайды. Сондықтан ауылдықтар тарапынан туризмді дамытуға мән беріле бастады. Әкімдік жанында саяхаттаушыларды қызықтыратын жаңа жобалар жасалып жатыр.

Нұрсұлтан Мұхамеджан, Нұрмахан Бекмұратов, Самат Нағашбекұлы