Теңіз кен орнының ашылғанына 45 жыл толды
Жарты ғасырға жуық уақыт ел игілігі үшін қара алтын өндірілген кен орнының мерейтойы Атыраудағы «Теңізшевройл» компаниясының бас кеңсесінде аталып өтті.
Салтанатты жиында мұнай-газ саласының ардагерлері марапатталды.
Салтанатты іс-шараға облыс әкімі, Энергетика Министрлігінің өкілдері, «Теңізшевройл» компаниясымен серіктес мекемелер, сондай-ақ сала ардагерлері мен алғашқы бұрғылаушылар қатысты. «Теңізшевройл» компаниясының бас директоры мен облыс әкімі келген қонақтарды мерейтоймен құттықтады.
Серік Шәпкенов, облыс әкімі:
- Біздің еліміздің болашағын ойлап, жарқын жүздеріңізбен еңбек етіп, Теңіз кен орнын ашты. Осы Теңіз кен орнының Қазақстан үшін маңызы өте зор екенін білуіміз керек.
Кевин Лайон, "Теңізшевройл" ЖШС Бас директоры:
- Теңіз кен орнының ашылуы мұнай өнеркәсібі үшін ғана емес, бүкіл ел үшін жаңа дәуірдің бастауы болды. Бұл Қазақстан мен халықаралық компаниялардың арасындағы берік ынтамақтастықтың үлгісі. Осы жылдар ішінде біз қауіпсіз әрі сенімді мұнай өндіруді қалыптырып қана қоймай, Қазақстанның экономикалық тұрғыдан дамуына үлес қостық деп ойлаймын.
Теңіз кен орнының 45 жылдығына арналған мерейтойлық медальмен мұнай-газ саласының 200-ден аса ардагері марапатталды. Олардың арасында Теңіз кен орнына алғаш бұрғы салған мұнайшылар да бар.
Жанұзақ Оразов, мұнай-газ саласының ардагері:
- Бірінші скважина фонтан берген мезгілде 1979 жылы проба алдық. Сосын алғашқы дебитін өлшедік күніге қанша беретінін. Сол мезгілде өзіміз өте таңқалдық. 40 секундта 4 текше метр мұнай берді.
Теңіз мұнайын игерген «Теңізшевройл» компаниясының 1993 жылдан бүгінге дейін ел экономикасына қосқан үлесі 198 млрд АҚШ долларынан асты. Ал биылғы тікелей төлемдер 8,4 млрд долларға жеткен. Жаһандық зерттеу бойынша орта есеппен 12 жыл ішінде «Теңізшервойл» Қазақстанның жалпы ішкі өнім көлемін 11 пайызға арттырды.
Асланбек Шығыр, Амантай Матенов