Қазақстан-Қытай құбыры 275 млн тонна мұнай тасымалдады

«Қазақстан-Қытай құбыры» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 20 жыл ішінде атқарылған жұмыс нәтижесін жариялады.

Компания 2004-2005 жылдары магистральді мұнай құбырлары құрылысына алған несиесін мерзімнен бұрын өтеп, мемлекет бюджетіне 123 миллиард теңге салық төледі. Осылайша олар Қазақстанның экономикасына зор үлес қосып отыр.

«Қазақстан-Қытай Құбыры» ЖШС - «Атасу – Алашанькоу» және «Кеңқияқ – Құмкөл» мұнай құбырларын жобалау, салу және пайдалану мақсатында құрылған. Серіктестік 2004 жылғы 17 мамырдағы Қазақстан үкіметі мен Қытай Халық Республикасының үкіметі арасындағы Мұнай және газ саласында жан-жақты ынтымақтастықты дамыту туралы келісімге сәйкес құрылды. Жобаға «ҚазТрансОйл» АҚ мен Қытай ұлттық мұнай және газды барлау және игеру корпорациясы (CNODC) басшылық етті. Бүгінде қарқынды дамып келе жатқан компания Атасу – Алашанькоу және Кеңқияқ – Құмкөл магистральдық мұнай құбырларына иелік етеді. 

Талғат Құрманбаев, "Қазақстан-Қытай құбыры" ЖШС бас директордың бірінші орынбасары:

- Компаниямыз мұнайды экспортқа, ішкі нарыққа және транзит жөнінде тасымалдайды. Бүгінгі таңда барлығы 275 млн тоннаға жуық мұнай тасымалданды. Сонымен қатар біздің компания жыл сайын жоғары қаржылық нәтижелерін көрсетіп келеді. Осыған байланысты біздің компания салық ретінде мемлекеттің бюджетіне 123 млрд теңгеден астам төлеген. 

«Қазақстан-Қытай Құбыры» ЖШС-нің басты мақсаты өндірістік нысандардың апатсыз жұмыс істеуін қамтамасыз етіп, қызметкерлердің өмірі мен денсаулығын сақтау. 

Талғат Құрманбаев, "Қазақстан-Қытай құбыры" ЖШС бас директордың бірінші орынбасары:

- Мұнайды тасымалдау кезінде экспортқа болсын, транзитке болсын, ішкі нарыққа болсын республикамыздың барлық мүдделері сақталып келеді. Біздің компанияның жоғары нәтижелері біздің еліміздің игілігі үшін.

«Қазақстан-Қытай Құбыры» ЖШС мақсаты - өндірістің өнміділігін арттыра отырып, еліміздегі үздік кәсіпорындарының қатарында болу.

Аршын Кемелжан, Радик Жакупов